Петропавлдағы жаңадан берілген үйде жылу, жарық және су жоқ

Петропавл қаласында биыл ғана баспаналы болған 200 отбасы тас қараңғыда тоңып отыр. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты үйде не ыстық су, не жарық, не жылу жоқ. 

«Жас өркен» ықшам ауданындағы көп қабатты үй 2020 жылы салынып біткен. Бірақ пәтер кілттері биыл ғана берілді. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша баспаналы болып қатты қуанған тұрғындар енді өкініп отыр.  

Әсия Нұрмағанбетова, қала тұрғыны:

- Біз келгелі ыстық су жоқ менің білетінім. Міне, бір сөтке болды свет жоқ. Сол проблемамыз енді. Тамақ істеп іше алмай, міне қызымның үйіне тамақ ішуге кетіп бара жатырмын.

Алма Әшімова, қала тұрғыны:

- Жарты жылдың ішінде ыстық су мүлдем болған жоқ. Вот енді данный момент жылу жоқ. Жылудың өзі жарыққа жауап беретін трансформаторлардың өзі істен шығып тұр. 

Көресіннің көкесі күзде басталды. 16 қабатты екі үй әлі күнге дейін жылуға қосылмаған. Тұрғындар жаппай жылыту құралдарын сатып алып қосқанда жарық күйіп кеткен.  

Мадияр Әбілқайыров, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Қазіргі таңда вот подвал ішінде жылу берілген. Свет болмағандықтан насос істемейді. Сол себепті жылу жоғары қабаттарға берілмеген. Яғни 96 квартирада свет жоқ, су жоқ, жылу жоқ. 

Тұрғындардың айтуынша, бұл үйлер уақытша сымға жалғанған. Ал оның қуаты жетпейді. Әкімдік қызметкерлері болса, мәселе кешке дейін шешіледі деп міз бақпай отыр. 

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Қазіргі таңда мердігерлер жаңағы үйде жөндеу жұмыстарын жасап жатыр. Бүгінгі кешке дейін жаңағы толық бітуі тиіс. Кейін жылу да болады, жарық та болады. Және де қазіргі таңда тұрғындар «СевКазЭнергода» жеке шоттар ашу үстінде. Сол ашылмағанға дейін мердігер компания жылуға да, жарыққа да төлейтін болады өз есебінен.

Әзірге тұрғындар есеп-шотты аша алмайды. Өйткені үй салынған жерде біреудің қорасы тіркелген. «Сондықтан бұл мәселенің жақын арада шешілуі екіталай», - дейді тұрғындар. Ал қыс болса қыр астында...

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов