Елімізде ҰҚШҰ мемлекеттерінің әскери жаттығуының белсенді фазасы басталды

Жамбыл облысында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының "Өзара іс-қимыл", «Іздеу» және «Эшелон» оқу-жаттығуларының белсенді фазасы басталды. Бұл шара ұйымға мүше мемлекеттердің әскери дайындығы мен әскери құрылымдарының үйлесімділігін арттыруға және жалпы бітімгерлік әлеуеттің күшеюіне мүмкіндік туғызады дейді мамандар.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерилері Отар маңындағы Мәтібұлақ полигонына жиналды. Бұл оқу-жаттығу жұмыстарының алдын ала жоспарланғанын айта кеткен жөн. Жиынның ашылуына ұйымның Бірлескен штабының басшысы Анатолий Сидоров та қатысты. Мақсат өзара әскери үйлесімділікті жетілдіріп, халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

Бауыржан Артықов, десанттық-шабуылдау әскерлерінің штаб бастығы:

- Оқу-жаттығу басталды. Бірлесіп өткізіп, ұжымдық күштердің дайындығын, басшылықтарының дайындығын, одан қалса жаңағы ұжымдық күштерге кіретін әскери бөлімдер мен бөлімшелердің дайындығын тексереміз.

Бұл жолғы жиынның артықшылығы мамандар үш жаттығудың басын біріктірген. Яғни «Өзара іс-қимыл», «Іздеу» және «Эшелон» бойынша ұжымдық күштер ұрыстық және тылдық тапсырмаларды бірлесе отырып шешеді. Атап айтар болсақ, жауынгерлерге дер кезінде оқдәрі, жанар-жағармай, азық-түлік пен киім-кешек жеткізу бойынша жан-жақты дайындықтар жүргізілсе, қарсыластың әуе күштеріне, барлауына, радиоэлектронды күресіне, құрлық әскеріне қарсы соққы беру тәсілдері де қарастырылады. 

Ерлан Төлебеков, 44859 әскери бөлімі батальон командирінің орынбасары:

- Әрине тәжірибелер өте көп алмасып ортырған. Қазіргі оқу-жаттығуымызда бізден келіп жатқан қонақтарымыз көп тәжірибе алуда. Оларға түсіндіру арқылы практикалық жүзінде көрсету арқылы сабақтар өткізіп жатырмыз, көрсетіп жатырмыз осы жерде. Үлкен тәжірибе алмасудамыз.

Сондай-ақ істен шыққан техникаларды ұрыс болып жатқан ауданнан шығару және оларды дер кезінде жөндеп қатарға қосу, одан бөлек жарақат алған әскерилерді тылда орналасқан госпитальдарға жедел түрде жеткізу қарастырылған. Жамбыл облысында басталған оқу-жаттығуға 6 мыңнан астам адам мен 800-ден аса әскери және арнайы техника жұмылдырылған.

Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов