Еліміздің автокөлік жолдарында қараусыз мал өріп жүр

Мәселен, Батыс Қазақстан облысында полиция экипажы осы күнге дейін 200-ден аса фактіні анықтап, екі мыңнан астам мал басын айып тұрағына қамаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 мыңға тарта мал иесіне 10 миллион 500 мың теңге көлемінде айыппұл да салынды. Бірақ нәтиже шамалы. Мал жаюдың жалпы қағидалары Маңғыстау мен Жетісу облыстарында да сақтала бермейді. Батыс Қазақстан облысында қараусыз малды қамайтын жүз шақты айып тұрағы бар. Жол үстінде жайбарақат жайылатын түлік атаулы осындай орындарға жеткізіледі. Жыл басынан бері полиция бағусыз жүрген мал иелеріне қатысты 2351 хаттама толтырған. Оларға 10 миллион 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Бірақ, айыппұл арқалағандар айылын жияр емес. Солардың кесірінен бірнеше жол апаты болып, адам өлімі де тіркелді. Рас. Көліктің малға соғылуына сапасыз жолдардың да теріс әсері бар.   

Зауырбек Қыпшақбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» БҚОФ директоры:

Өз уақытында техникалық, технологиялық процестер сақталмай жатады. Жол белгілері, жол таңбалары стандарттарға сәйкес келмей жатады. Біз ол бойынша «Қазавтожол» АҚ-на тапсырысшы ретінде оған ұйғарымдар жіберудеміз. Толғандыратын мәселе – мал өткелдері түнгі мезгілде жолға шығып жатады. Соның ішінде жылқы үй жануарлары түнгі мезгілдерде апаттарға себеп болып жатады.    

Ал Маңғыстау облысында жылқы мен түйесін жол бойында қараусыз қалдырған 14 кәсіпкерге айыппұл салыныпты. Бұған дейін полицейлер трассада жүрген екі жүзге тарта ірі қараны айып тұрағына қамаған. Жолға шыққан малдан қатер көп. Аталған өңірде малға соғылған көліктерде болған 6 жолаушы көз жұмды. Жарақат алғандары да жетерлік. 

Әйгерім Ибадуллаева, облыстық пд сыртқы және ішкі коммуникациялар бөлімінің басшысы:

– Республикалық маңызы бар «Ақтау– Шетпе» тас жолында 200-ге жуық иесіз төрт түлік автомобиль жолында жүру бөлігінен өткен. Жол көлік оқиғаларына жол бермеу мақсатында бұл іс-шара тұрақты негізде өткізілетін болады. Малдарыңызды әсіресе түнгі уақытта қараусыз қалдырмауыңызды сұраймыз.

Жетісу облысында да жағдай мәз емес. Мәселен, «Алматы – Өскемен» тас жолының Ақсу ауданына қарасты аймағында көлікпен мал қағу жағдайлары көбейген. Жыл басынан бері 11 жылқының автомагистраль бойында мертігуі соған дәлел. Абырой болғанда, адамдар аман қалды. Көліктердің малға соғылатын кезі көбіне көз байланған шақта тіркеледі екен. Түнгі жолда жүру тіптен мүмкін емес. Жол апаттарының алдын алудың бір жолы ретінде шаруалар малға жарық шағылыстыратын белгі тағуға кірісіпті.

Абылай Рүстемов, шаруа қожалығының басшысы

– Бір штугы 2200 теңгеге шықты, күндіз де, түнде де тағып көрдік. 300 метрден көрінеді. Алыстан жылқының денесі көрінеді. Ал мойнындағысы кәдімгі фонарик жаққан сияқты жарқырайды.

Абылай Рүстемов басқаратын шаруашылық «Алматы – Өскемен» тас жолынан небары бес жүз метр қашықта орналасқан. Төрт түлігін қараусыз қалдырмай, түнде қораға қамап ұстағанның өзінде былтыр 3 бас жылқысын көлік қаққан. Жолдағы жауапкершілік баршаға ортақ. «Әсіресе темір тұлпар тізгіндегендер ауыл маңынан өтер тұста жылдамдықты азайтса. Апатты оқиғалардың алдын алуда мал иелері мен полицияның және ауыл әкімдерінің жұмыла әрекет етуі аса маңызды», – дейді шаруа. 

Авторлары:  Талғат Серікқалиұлы, Елдар Аюпов

Аймақ тілшілерінің көмегімен.