Өскемендегі мамандандырылған ХҚКО құрылысы қашан аяқталады

Елімізде көлігі бар тұрғындарға қызмет көрсететін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жоқ жалғыз қала бар. Ол – Өскемен. Сондықтан бұл шаһарда жүргізуші куәлігін алу қазір қиямет-қайымға айналған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені азаматтар қаланың бір басынан екінші басына сабылуға мәжбүр. Бұл, әсіресе, шалғай аудандардан келіп емтихан тапсыратындар үшін үлкен қиындық тудырып отыр дейді сарапшылар. Осыдан 8 жыл бұрын Өскеменде жергілікті билік «мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы салынады»  деп жар салған еді. Алайда бұл әдеттегідей сөз күйінде қалды. Ал бұрын теориялық емтихан алаңымен және автодроммен қамтылған орталық Шығыс Қазақстанда Семей қаласында болған. Енді ол бөлек аймақтың еншісіне өтті. Негізінен Өскемендегі «Халыққа қызмет көрсету орталығында» жүргізуші куәлігі беріледі. Алайда оны алмас бұрын қаланың ең шетіндегі автодромға барып сынақтан өту керек. Одан кейін тест сұрақтарынан емтихан тапсыру үшін қала орталығына қайта  оралу қажет. Осы аралықта емтиханға үлгермей қалатындар көп.

Евгений Черныш, автомектеп директоры:

Азаматтарға өте ыңғайсыз.Қаланың ең шетіне барып, жанталасып қайтадан орталыққа келеді.Емтиханға үлгеру керек. Күн сайын жүз, кейде одан да көп адамға жүргізуші куәлігі беріледі.

Өскеменнің өзінде 90 мың автокөлік тіркелген. Қаладағы халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізуші куәлігін алу үшін жылына 10 мың шығысқазақстандық  келеді.

Азамат Рахымжанов, ШҚО «Азаматтарға арналған үкімет» филиалы директорының орынбасары:

– Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы бізге ауадай қажет. Ел бойынша мұндай мекеме тек бізде ғана жоқ.

Дегенмен сегіз жылға кешіксе де, «Автокөлігі бар тұрғындарға қызмет көрсететін арнайы орталық қалада ашылатын болды. Бұған жергілікті депуттар қол жеткізіпті.

Александр Светаш, қалалық мәслихаттың хатшысы:

– Өскемен қалалық құрылыс бөлімі конкурс өткізді, мердігер компания анықталды. Жобалық сметалық құжат жасалды.Қажетті қаржы көлемі – 720 миллион теңге.

Сонымен бұл орталық құрылысының алғашқы кезеңіне облыс қазынасынан 100 миллион теңге демеу қаржы берілді. Енді нысанды толық аяқтау үшін тағы 600 миллион теңге қажет.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин