Түркістан облысында билік өкіліне күш көрсеткендер төрт жылға сотталуы мүмкін

Түркістан облысында бейбіт жиналыстар өткізу тәртібін түсіндіруге келген билік өкіліне күш көрсеткендер 4 жылға дейін сотталуы мүмкін. Қазір үш жергілікті тұрғын уақытша ұстау изоляторында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күдіктілер кісі өліміне әкелген жол-көлік апаты бойынша наразылық білдірген. Естеріңізге сала кеткен жөн, Төле би ауданында қызметтік міндетін атқару кезінде тәртіп сақшысы ВАЗ-2103 көлігімен қашып кетуге тырысқан ауыл тұрғындарын қуған. Полицейлердің заңды талабына бағынбай, жасырыну үшін жылдамдықты шамадан тыс асырған. Кейін жүргізуші көлікті игере алмай, басқа көліктермен соқтығысқан. Салдарынан ВАЗ-2103 автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Оның жолаушысы мен Audi100 көлігінің жүргізушісі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Ал марқұмның туыстары жол апаты бойынша полиция қызметкерлерінің үстінен арызданды. Олардың шағымы бірден тіркеуге алынды.