Маңғыстау облысында табиғат тазалығы дронмен бақыланады

Маңғыстау облысында экологтар  қоршаған ортаның тазалығын дронмен тексермек. Ұшқышсыз ұшу аппараты 11 датчикпен жабдықталған. Мамандар қала аумағындағы кез келген өндіріс ошағы мен кен орнының үстіне дрон ұшырып, ауа сынасын алады. Табиғатқа залал келтіру деректері фото- және видеоға түсіріледі. Кейін ол сотқа дәлел ретінде қолданады. Алайда экоквадрокоптер ерекше қорғауға алынған табиғи аумақтарда қолданылмайды.

Экология департаментінде әзірге 1 дрон бар. Шағын құрылғы әуеде 40 минут қалықтайды. Ұшқышсыз ұшу аппаратында тепловизор құралы бар. 7 шақырым аумақта қолдануға жарамды. 

Мақсат Айсин, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

- Дрон көмегімен біз заңбұзушылықтарды жедел анықтап, шара қолданамыз. Кінәлі тарапқа дәйекті деректерді алға тартып, зертханалық талдау жүргіземіз. Болмаса жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе бақылау жүргізіп, прокуратура арқылы жоспардан тыс тексеру жасаймыз.

Дрон көмегімен алда атқарылатын жұмыс көп. Мәселен, экологтар «Қошқар ата» улы қалдықтар қоймасын залалсыздандыру жұмысын көктен де бақылауға алмақшы. Биылғы жоспарға сәйкес қойма маңындағы 340 гектар жерге қалың топырақ қабаты төселеді.  Бұл кеңес уақытында 105 млн тонна радиоактивті қалдық көмілген жердің табиғатқа зардабын жояды. 

Есенкос Әділбаев, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Алдағы жылдарға сұратылған қаражаттар республикалық бюджеттен қолдау тапты.

Осы жылдың аяғына дейін бекітілген кесте бойынша игерілетін болады. Қазір 20-ның үстінде техникалар жұмыс жасап жатыр.

Аймақта шешімін таппаған бір мәселе - тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін кәсіпорын жоқ. Заңсыз қоқыс тасталған орындар көктен барлау арқылы табылған жағдайда жүк көлігімен Мұнайлы ауданындағы полигонға тасылады. Ол жерде сақталатын қоқысты кәдеге жаратуға әзірге мүмкіндік жоқ. Былтыр Жаңаөзенде экобекет пайда болды. Күніне кемі 1 тонна әртүрлі қалдықтарды қабылдайды.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев