Елордаға Қызылорда облысынан 500 тоннадан астам өнім жеткізілді

Аралдың балығы мен Қызылорданың күріші, бал татыған қауыны тіпті брендтік өнім шоколады да жәрмеңкеге әкелінді.

Елордада Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы өнімдері қызу саудаланып жатыр. Әлеуметтік маңызды тауарлардың барлығы – отандық, жергілікті кәсіпкерлер тартуы. Ал бағасы жергілікті нарықтан біршама төмен.

Сыр жұртшылығы ән-жырымен ғана емес, ақ күріші, ас тұзы, тәтті қауыны, балығымен де танымал. Арқа төріндегі жұртшылыққа 50 жүк көлігімен құны 200 миллион теңге болатын 500 тоннадан астам өнім жеткізілді.   

Қуаныш Жұбанова, сатушы:

- 6 тонна балық әкелдік. Сазан бар, тыран бар. Балықтың барлық түрлері бар. Жылда әкелеміз. Жақсы, халыққа рахмет! 

Қазір Қызылорда облысында күріш орағы қызу жүріп жатыр. Қазанда аяқтау межеленген. 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдар себілген. Өңірде соңғы жылдары орын алған қуаңшылық салдарын жою мақсатында шұғыл шаралар қабылданып, нәтижесінде 228 мың тоннадан астам картоп, көкөніс, бақша және 20 мыңдай тонна ет, 50 мың тонна сүт өндірілген.

Серік Қожаниязов, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары:

- Мемлекет басшысының тікелей араласуымен Сырдарияның жоғары жағындағы елдермен жұмыс жасап, нәтижесінде Қызылорда өңіріне су мол келді. Былтырғыдай қиыншылықтар болған жоқ. Үкіметтің резервінен арнайы қаржы бөлініп, каналдар тазартылып, біздің диқандар еккен егінін судан қалдырмай алып шықты. Соның көрінісі ретінде бүгін міне Елордаға жәрмеңкеге келіп отырмыз.

Өңірде кейінгі жылдары шығарыла бастаған тұрмысқа қажетті бұйымдар да саудаланды. Облыс тарапынан қайырымдылық қоры аясында жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері де таратылды.

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Жандос Битабаров