Алматыда VIII Еуразиялық монополияға қарсы форум өтті

Елдегі барлық нарық субъектілері мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алуы тиіс. Алматыда басталған VIII Еуразиялық монополияға қарсы форумда айтылған мәселелердің басы осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың мәлімдеуінше Үкімет және салалық реттеушілермен бірлесіп, бәсекелестікті дамытудың жол карталары әзірленеді. 2014 жылдан бері Қазақстанда дәстүрлі өтіп келе жатқан ауқымды форумға отандық сарапшылар мен Үндістан, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінен келген мамандар қатысуда. Жиында Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі жағдайы, санкциялар кезеңіндегі бәсекелестік саясаты, валютаның құбылмалы жағдайындағы ретсіз бәсекелестік мәселелері талқыланды. Марат Омаров агенттік жұмысының стратегиялық бағыттарына тоқталды.

Атап айтқанда, кәсіпкерге жекешелендірудің жаңа механизмін қолдану құқын беру жайы сөз болды.

Марат Омаров, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

– Үкіметпен бірлесіп әзірлеуді жоспарлап отырған жол картасының ерекшелігі, біз әрбір мемлекеттік органмен, салалық қауымдастықтармен бірге алдағы 3-4 жылда бәсекелестікті дамыту үшін цифрланған нақты іс-шараларды әзірлейтін боламыз. Бұл салалық мемлекеттік органдармен тікелей пысықталатын құжат болмақ. Біздің көзқарасымыз тұрғысынан ғана емес, салалық мемлекеттік органдардың пікірлері де ескерілетін болады. Көмір, мұнай өнімдері, электр энергиясы және телекоммуникация нарығы тыс қалмайды. Бұл қызмет сапасының жақсаруына әсер етеді.