Алматыдағы «Мәдениет» шағын ауданында біраз үй бұзылуы мүмкін

Тұрғындар осыған алаң. Бүгін қала әкімі осы үйлерге қатысты жайтты түсіндірді. Яғни шаһар ұлғайған сайын бас жоспарға да өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал мегаполистің 2040 жылға дейінгі даму барысын қамтитын жоба осы жылдың соңында бекітіледі. Былтырдан бері «Мәдениет» шағын ауданы тұрғындарынан маза кеткен. Олар үйіміз сүрілуі мүмкін деп қауыптеніп отыр. Оған себеп өткен жылдың соңында шыққан Урбанистика және сәулет басқармасының жаңа шешімі. Онда 50-ден астам үй қызыл сызықта тұр деп белгіленген. Кездесуде мәдениеттіктер осы мәселеге әкімнің жауап беруін сұрады.

Қала тұрғыны: 

– Біз мұны мүлдем дұрыс емес деп санаймыз. Біз жер учаскесін заңды түрде сатып алдық. Құжаттары түгелдей қолымызда. Мақсаты жеке тұрғын үй салу болған. Жиған-тергенімізге баспанамызды салып алдық. Оның барлығы 2014 жылғы бас жоспарға сәйкес келеді. Енді келіп үйлерің сүріледі деп жатыр. Яғни біздің баспанамыздың орнына бірнеше көше мен тұрғын үйлер кешені түседі. Кеше ғана сәулетші-геодезист келіп координаттарын алып кетті. Бұдан кейін бәріміз үрейленіп қалдық.  

Қала әкімі Ерболат Досаев бұл мәселеден хабардар. Бұл жерде Алматы-3 темір жол станциясын салу жоспарланып отырғанын айтты. Ол істі қарапайым халыққа барынша тиімді етіп шешуге атсалысатынын жеткізді. Осының бәрі жаңа бас жопарды бекіту кезінде назарға алынады деп сендірді.

Ерболат Досаев, қала әкімі:

Жоба дайын болған кезде оны біз сіздерге көрсетеміз. Бірақ айта кетейін, қала жылдам қарқынмен өсіп жатыр. Инженерлік инфрақұрылымға қатысты мәселе көп. Осыған байланысты жобада өзгерістер болады. Ал бұрынғы жоспар шаһардың қазіргі технологиялық талаптарына сай келмейді. Ал егер сүрілетін болған жағдайда өтемақы беріледі. Бұл бұрыннан қолданылып келе жатқан тәжірибе.   

Қарасу шағын ауданының тұрғындары болса су және кәріз жүйесінде қиындық бар дейді. Әкім келесі аптада арнайы комиссия жіберіп, мәселе жыл соңына дейін шешілетінін мәлімдеді. Кездесуде Алатау ауданы тұрғындары үшін жағымды жаңалықтар да айтылды. Мәселен, жыл соңына дейін екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Тағы екі колледждің құрылысы жоспарланып отыр. Ал, жол мен ауыз су, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салу күн тәртібінен түспек емес.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев

Сондай-ақ...