Жамбыл облысында қант қызылшасы алқабы екі есе ұлғаяды 

Жамбылдықтар қант қызылшасын жинай бастады. Шаруалар биыл түсім жоғары дейді. Гектарына 700 центнерден айналады. Пайданың көзін тапқан диқандар келер жылы егіс алқабын одан әрі кеңейтуге бейіл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс билігі де қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға ұлғайтамыз деп мәлімдеді. Қанат Шайхиев 14 жылдан бері қант қызылшасын егумен айналысады. Меркілік шаруа биыл 140 гектардан тәтті түбір алып отыр. Түсімі де жақсы. Гектарына 700 центнерден асады. Арасында 10 келіге жететін қызылша да бар. Мұндай нәтижеге Франциядан арнайы алдырған тұқымның арқасында жеттім дейді. 70 адамды жұмыспен қамтып отырған диһан, су мәселесінің барын айтуда. Шешімін тапса, егіс аумағын еселеп кеңейтуге мүмкіндігі бар.

Қанат Шайхиев, шаруа қожалық басшысы:

– Жер көлеміне қарай жылына 500 гектар қант қызылшасын өсіруге мүмкіндігі бар. Әзірге тек қана ұстап тұрған, мүмкіндік болмай тұрған сол су. Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, бұл алқап 80 гектар, осында 2 қылша жинайтын комбайндар жүріп тұр. 10 тіркемесі бар Камаз автомашиналары тасып жатыр.

 

Өнімін алған диқандар тәтті түбірді тікелей зауытқа апаруда . Бүгінде 16 шаруа қожалық 13 400 тонна қызылшаны Меркі қант зауытына өткізген. Жергілікті кәсіпорынға апарғаны үшін тоннасына 30 мың теңге субсидия алуда. Оған қоса зауыт жол шығынына да қарайласады.

Нұржан Қарғабаев, Меркі қант зауытының директоры:

Ана алыстан келген шаруаларға 4 теңге логистикасына төлем жатырмыз. Планымызда 150 мың тонна қант қызылша қабылдайық деп отырмыз. Қазіргі күнге 340 адам жұмыс істеп жатыр, зауыт жүрген кезде 550 адам жұмыс жасайды.

Өңірде 5 жарым мың гектарға қант қызылшасы егілген. Олардан 214 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығының өкілдері бұл көрсеткішті келер жылы 10 мың гектарға жеткізбек. Сол үшін мемлекеттік көмекті тиісті дәрежеде беріп жатырмыз дейді.

Шәкір Момынқұлов, облыстық ауыл шаруашылығы басармасы басшысының орынбасары:

– Қазан айынан бүгінгі күнге 250 млн-нан аса қаржы қарастырылып отыр. Осы жергілікті шаруаларға өткізілген өніміне төлеуге. Қант қызылшасына 15 теңге килограмына. Майлы дақылдарған 10 теңге килограмына және дәндік жүгеріні тереңдете өңдеуге өткізген шаруашылықтарға 10 тг субсидия қарастырылып отыр.

Мамандар келер жылы тәтті түбірге берілетін субсидия тоннасына 40 мың теңгеге жетеді дейді. Ал қант қызылшасы алқабының көлемін арттыру, бірінші кезекте өз-өзімізді шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл әлбетте сырт елге тәуелділіктен арылтады. Президенттің жергілікті билікке қойған міндеті де осы болатын.

Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә