Хромтауда баспанаға сұраныс жоғары

Хромтауда 28 мыңға жуық тұрғын бар. Халық саны күн санап артып келеді. Сондықтан баспанаға сұраныс жоғары. Алайда жергілікті билік жаңа аудандар бой түзеуі үшін бірінші кезекте кәріз жүйесінің қуаттылығын арттыру қажет деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі кеңестік кезеңде қолданысқа берілген коммуналдық желі бүгінгі халық санына шақталмаған. Жеке тұрғын үйлерді айтпағанда аудан орталығында қазірдің өзінде екі көпқабатты үй салынып жатыр. Пәтер кезегіне мыңнан астам адам тіркелген. 6 мыңға жуық адам жер телімін алуға өтініш берсе, биыл 900 жанға үлестіріліпті. Баспанаға сұраныстың жоғары екендігін кәсіпкерлер де растап отыр. 160 орындық мына қонақ үйінде бос орын жоқ.

Медет Қалманов, кәсіпкер:

- Былай келімді-кетімді адамдар да бар Хромтауға. Өйткені «Дөң» тау-кен байыту комбинатына  өте көп адам іссапармен келеді. Осы тұрғанда олардың өздерін Ақтөбеде орналастырып, күнбе күн машинамен тасиды. Өйткені Хромтауда қонақүй мәселесі бар. Біздер негізі қонақүй тағы да саламыз деген жоспарымыз бар.

Ірі өндіріс орындары шоғырланған шаһарда шағын және орта бизнеске ден қойғандар қатары да көп. Соңғы бір жыл ішінде жаңадан 20 нысан ашылған. Бұдан бөлек 200 миллион теңге инвестицияға салынған асфальт зауыты моно-қала мен ауданды қамтамасыз етіп отыр. Бұл жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешпегенімен облыс бойынша ең төменгі деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.

Әсел Ысқақова, Хромтау аудандық Жұмыспен қамту орталығының басшысының міндетін атқарушы:

- Бізде 816 жұмыссыз бар қазіргі таңда. Сосын 284 бос вакансия бар.  Қазу жұмыстар негізінен.

Моно-қала ретінде жүзеге асып, шешімін тапқан тағы бір мәселе – қоғамдық көлік. Шаһарға компаниялардың бірі 5 автобус сыйға тартқан.

Азамат Бекет, Хромтау ауданының әкімі:

- Қазір үш бағытта біздің көліктеріміз жүреді. Оның әрі қарай дамытуына тағы да көліктер керек. Ол бағытта енді қазіргі кезде мердігер компания, осы көліктерді алған компания өз тарапынан тағы 2 автобусты қосамыз деп отыр.

Аудан басшысының айтуынша, өндіріс орындары жылына бір миллиард теңгеден астам қаржы бөледі. Бұл қаражат негізінен әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады. Сондай-ақ Хромтаудан бөлек қаланың жанындағы тірек ауыл саналатын Дөң елді мекенін дамытуға да көңіл бөлінеді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов