Құстардың зәулім ғимаратқа соғылуы салдарынан мерт болуы жиілеп кетті

Құс қайтып барады... Әрісі Үндістан, Африка құрлығына дейін жететін қанаттылардың 300-дей түрі өз елімізді мекендеп қалады. Жалпы Қазақстанда 500-ге тарта құс түрі бар.

Дегенмен, кейінгі уақытта аспанда еркін ұшып қонатын құс екеш құсқа да қауіп көбейді. Көк патшасы қыран да баудай түсіп жатыр. Себеп не? 

Құс еркіндіктің символы. Шекара таңдамайды. Кең даланы бейқам мекендеген жаратылыс иесі кейінгі кезде өркениеттің зардабын тарта бастаған. Көкте ұшаққа соғылып, жерде көліктің астына түсіп жатады. Қауіп бұл ғана емес. Зәулім ғимараттардың шағылысқан шынысы да көз қарықтырып, оған да соғылып жатады. 

Бақытжан Исахаев, Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының бас сарапшысы:

- Құсқа жағдай жасаймыз деп адамдардың несін қысып кетуіміз мүмкін да. Былай қарап отырсаңыз құстарға басқа жер жетеді. Бірақ мынадай дерек бар. Қазіргі кезде біздің Астанада жылтырлақ терезе салып тастап жатырмыз ғой, соны байқамай құстар келіп өлу деректері де тіркелді да. Біздің ғана мәселе емес, жалпы дамыған елдердің мәселесі болып отыр.

Құс екеш құсқа да қауіп осындай қауіп көп. Сарапшылардың пікірінше, бұл түйіткіл үлкен мәселеге айналып барады. Ғалымдардың жүргізген зерттеуі бойынша, елде жыл сайын он мыңдаған құс адамнан қиянат көреді. Оның ішінде бүркіт пен қырандар да бар. Елдің символына айналған дала жыртқыштары электр желілеріне жиі соғылады. 

Нұрлан Оңғарбаев, "Биоалуандылықты зерттеу және сақтау орталығының" атқарушы директоры:

- Электр желілері әсерінен құстардың қырылу деректері артып барады. Елімізде жыл сайын шамамен 10 мыңнан аса құс осылай өледі. Олардың жартысы қызыл кітапқа енген. Қырылып жатқан қанаттылардың арасында бүркіт пен дала қыраны да бар. Әлемдегі қырандардың 80 пайызы біздің елде екенін ескеру керек. Біз бұл мәселелердің шешімін тиісті министрлікке бірнеше мәрте ұсындық. Өкінішке орай, түйіткіл тарқамай тұр. 

Адам баласы құсқа обал екен деп электр энергиясын тұтынбай отыра аламасы анық. Сарапшылар құстарға қауіп төндіретін желілерді арнайы пластикпен орау керек дейді. Әлемнің бірқатар елінде мұндай тәжірибе бар. Қолданысқа енген. Сондай-ақ құрылыс кезінде экологиялық урбанистиканы сақтау да міндет. Бірақ біздің ел үшін бұл қазір қиял іспетті ғана болып тұр. 

Бекзат Аманов, Нұрғали Мамырбаев