Астананың Көктал мөлтек ауданында жаңа мешіт ашылды

Елордадағы Көктал мөлтек ауданында жаңа мешіт ашылды. Мұқым мұсылман үшін қасиетті жұма күні пайдалануға берілген құлшылық үйі заман талабына сай салынған.  Бір сәтте 6 мың адам сәждеге бас қоя алады. Бүгін алғашқы азан шақырылып, намаз оқылды.

Көктал жұрты бұл мешіттің ашылуын көптен күтті. Түрлі себепке байланысты құрылысы он жылдан аса жүргізілді. Кейінгі жылдары демеушілер мен жергілікті жұртшылық жұмылып, жұмысты аяқтады. Қасиетті жұмада лентасын Бас мүфти қиып, алғашқы жұма намазы оқылды. 

Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

- Осы мешіттің жақын орналасқан 25 мыңға жуық тұрғындары бар. Яғни оның басым көпшілігі мұсылман жамағаты. сондықтан қазіргі таңда осы жердің тұрғындарына өте қажет деп саналады мешіттің болуы. Мешіт бұл рухани тәрбиелейтін мектеп қой. Сондықтан осы елдің жастары, жалпы халықтың руханиятына жетілуге тәрбиелейтін үлкен бір орталыққа айналады деген сенімдемін. 

Оспан қажы Сүлейменұлы қала тұрғыны:

- Жақын арада үлкен мешітіміз де айқара есігін ашып еді. енді міне осы ауданда осындай мешіттің болуы үлкен бір ғанибет нәресе деп ойлаймын.

Бұл Қазақстан діни басқармасына қарасты елордадағы 14-мешіт. Оның ашылуына Астана әкімдігі мен мәслихат депутаттары да барынша көмектесті. 

Есет Байкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

- Елордамызда 16 елді аймақ бар. соларды дамытуда әлеуметтік нысандардың ашылуы маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Бұл мешіт әрине ел азаматтарының, мердігерлердің, спонсорлардың, жанашырлардың, халықтың қаржысымен салынған мешіт. 

Мешітте бір мезетте 6 мың адам сәждеге бас қоя алады. Сәулеті де ерекше. Құлшылық етем деген адамға бар жағдай жасалған. Алдағы күндері дін қызметкерлері бекітіліп, жүйелі жұмысқа кіріседі. 

Талғатбек Әбдіқожа, Аманжол Байғазин