Қостанайда корейлердің елімізге күштеп жер аударылуының 85 жылдығына ескерткіш қойылды

Биыл корей халқының тарихи отанынан Қазақстанға күштеп жер аударылғанына 85 жыл толды. Осыған байланысты Қостанайда мемориалдық ескерткіш қойылды. Ол корейлердің осы уақытқа дейін қазақ жерінде ешқандай алаңдаусыз бақуатты өмір сүріп келе жатқаннның нышаны саналады.

Василиса Ким эшелонмен Қостанайға келгенде жеті жаста болған. Сексеннің сеңгіріне шыққан кейуана сол сталиндік қуғын-сүргін кезеңді ұмыта қоймаған. Әсіресе бауырына басып, қамқорлығына алған қазақ халқына шексіз риза.

Василиса Ким, қала тұрғыны:

- Біз қазан айында келдік. Қара күздің суығында қалың киім-кешегіміз де болмады. Қазақ халқы көмір-отынымен бөлісіп, үйінің бір бұрышынан пана берді. Аш қалдырмады. Қолындағы бір үзім нанын бізбен бөліп жеді.  

1937 жылы біздің облысқа Қиыр Шығыстан 982 отбасы депортацияланды. Олар Самир және 5 желтоқсан колхоздарының құрылуына ұйытқы болды.

Ульяна Ким, Корей этномәдени орталығы ҚОФ төрағасы:

- Қостанай өлкесі өз Отанынан алшақ өмір сүріп жатқан корей халқына алтын бесік бола білді. Кең-байтақ қазақ жерінде қоныс тепкен корейлер өзгелер сияқты елдің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді.

Биіктігі екі метр болатын мәрмәр ескерткіш ескі бейіт жанында орын тепті. Оның жанында 1965 жылға дейін қиын қуғын-сүргіннен көз жұмған корейліктер жерленген.

Қалқаман Жақып, философия ғылымының кандидаты:

- Осы жерден мәңгілік орын тапқан корей ұлты өкілдерінің жатқан жері бұл қасиетті, қастерлі орын болуға тиісті. Тек қана корей ұлтының өкілдеріне емес бүкіл қазақстандықтардың осы жерге келіп, қастерлейтін қадір тұтатын орын деп біз солай қабылдауымыз керек.  

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы 2020 жылдан бері президент бастамасымен репрессия құрбандарын ақтайтын комиссия құрылғанын атап өтті. Осыған орай Қостанай облысында осы күнге дейін құпия саналған 60 мыңдай іс қайта қаралады. Еске алу рәсімінен кейін мемориал айналасы жас көшеттермен көмкерілді. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров