Қарағанды облысында Антикор жол жөндеу жұмыстарын жіті назарда ұстап отыр

Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жол жөндеу жұмыстарын жіті назарда ұстап отыр. Әсіресе жемқорлық тәуекелдері бар учаскелер нақты бақылауға алынған. Қазір қайта жөнделіп жатқан жолдардың сапасы мен мерзімде аяқталуы енді қоғам өкілдерінің де бақылауында болмақ. 

Биылғы жылы аймақта облыстық маңызы бар 400 шақырым жол жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстарға бюджеттен 18 жарым миллиард теңге бөлінген. Жемқорлыққа қарсы қызметте аталған жолды жіті назарда ұстап отыр. 

Марғұлан Мұқашев,  Қарағанды облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының орынбасары:

- Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі  жол жөндеу жұмыстарына байланысты 4 сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Бір іс қызметтік лауазымын асыра пайдалану фактісі бойынша, үш іс бюджет қаржысын жымқыру бойынша қозғалған.

Тексеріс жұмыстарының нәтижесінде, Қарқаралы ауданында  техникалық қадағалаусыз жол жөндеу, Бұқар жырау ауданында асфальт жабынын төсеудің технологиясын бұзу ал Осакаров ауданында  кент ішілік жолдарды жөндеуде жұмысын толық орындамау сынды заңсыздықтар тіркелген. Сондай-ақ Қарағандыдағы қосалқы көшелердің бірінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мамандары араласқан соң он жыл күткен асфальт төселген. 

Наталья Гаас, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Жол шұрық тесік жүру мүмкін емес болатын, көтерілген шаң бау-бақша мен үйге кіріп мазаны алатын еді. Жемқорлыққа қарсы қызмет араласып, бізге де жол салып бергені қуантады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қоғам белсенділерімен тығыз байланыста. Нәтижесінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бірнеше учаскелерінде жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мүмкін болып отыр. Қазір олқылықтар жойылып, жұмыс жалғасып келеді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зулпыхар