Астанада экологиялық акция өтті

Бүгін Астанада экологиялық акция өтіп, оған қатысқан 3600 адам 100 тонна қоқыс жинады. 385 гектар аумақ қамтылды. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Табиғатта қоқысқа жол жоқ!» бастамасын көтерген болатын. Бұл жалпыұлттық акцияға қатысушылар қоршаған ортаның жай-күйіне бей-жай қарамайтын азаматтар. Әсіресе, елорда айналасындағы жасыл белдеуді қоқыстан тазарту өзекті. Күзгі экологиялық айлыққа біздің тілшілер де қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпыұлттық акцияға қатысушылар қоғам назарын экологиялық ахуалды жақсартуға аударуды, айналамызға қамқорлықпен қарауға үндеуді көздейді. Күнделікті өмірде полиэтилен өнімдерін тұтынуды азайту қажет. Сонда ғана табиғатпен үйлесімде өмір сүру мәдениетін қалыптастырамыз.

Жанар Бескемпірова, Қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысының орынбасары:

- Елорданың экологиялық жағдайын жақсартуға, табиғатымызға ұқыпты қарауға насихаттау және осы табиғатта үйлесімді өмір сүру  мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Қасымызда қоқыс жинайтын полигон бар, сол полигоннан орманның ішіне ұшып жатқан полиэтилендерді жинау үшін шықтық.

Дамыған мемлекеттер үлгісімен еліміз де полиэтилен қолданысын кезең-кезеңмен шектеуде. Ірі сауда орталықтары оның орнына баламалы қаптамаларды ұсына бастаған. Соңғы жылдары орман, дала мен өзен арналары үшін бұл мәселе өзекті.

Марал Есекешова, волонтер:

- «Астана жастары» ұйымының атынан келіп тұрмын волонтер ретінде. Бес минуттың ішінде бір қапшық жинап міне мусорларды. Енді бұған кінәлі өзіміз ғой. Дұрыс жинамаймыз, дұрыс салмаймыз.

Асхат Налшыбек, «Жас сарбаз» қозғалысы қалалық филиалының төрағасы:

- Біздің негізгі мақсатымыз ата-бабаларымыз айтқандай, «Бір тал кессең, он тал ек» дейді. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын». Қазіргі президентіміз де тапсырма беріп отыр. Басты мақсат – таза экологияда, таза Қазақстанда өмір сүру.

Қаланың 4 ауданында өткен экологиялық акция алдағы уақытта да жалғасады. Биылдың өзінде 260 мыңнан астам адам қаланы 6 мың тонна қоқыстан тазартты.

Авторлары: Рухани Асқар, Арман Ақшабаев