Қаланың ажары айшықтала түсті – Семей

Семейде өңі кеткен көпқабатты үйлердің сырты боялып жатыр. Осылайша жергілікті билік қаланың ажарын айшықтауға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрі шаһардың аңаша үлгідегі архитектуралық келбетін қалыптастырмақ. Семейдегі сыры кеткен 16 көпқабатты тұрғын үйдің сырты боялды. Оған жергілікті бюджеттен 137 млн теңге бөлінген. Әрлеу жұмыстары нәтижесінде көп жылдан бері жөндеу көрмеген баспаналар жаңаша келбетке ие болды.   

Қарағанда сондай көз қуанады. Өте әдемі. Қаламыз күннен-күнге көркейе берсін. Біз тұрғындар да өз үлесімізді қоса берейік.

Мағанда ұнайды. Өтіп бара жатқанда ескі жерден өтіп бара жатқанға қарағанда, жаңа жерден өтіп бара жатқан әлде қайта күштірек. 

Абай облысы болғаннан қалаға көбірек көңіл бөліне бастады. Үйлерді түрлі-түсті қылып бояп жатыр. Көңіл күйді көтереді.

Қаланың ажарын айшықтауға төрт мердігер мекеме жұмылдырылып отыр. Олар елімізге танымал архитектор-урбонист жасаған эскизді негізге алған. Яғни әрлеу жұмыстарына кіріспес бұрын көпқабатты үйдің үгітіле бастаған сылақтарын қырып, қайта жасап жатыр.

Диана Шаяхметова, қалалық тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:

– Көпқабатты тұрғын үйлер түрлі түске бояла бастағаннан кейін тұрғындар біздің бөлімге көптеп хабарласып жатыр. Олар да өз үйінің қасбетін әрлеп беруді сұрайды. Осы уақытқа дейін 40 өтініш түсті.

Облыс орталығында мың бес жүзге жуық көпқабатты тұрғын үй бар. Алдағы уақытта оның қаншасы боялатыны қазынадан бөлінген қаражатқа байланысты болмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов