Қазақстандағы ең үлкен ауыл қайда орналасқан?

Елдегі үлкен ауылды білесіз бе? Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы Қазақстандағы ең үлкен елді мекен саналады. Тұрғындарының саны 60 мыңға таяп қалған. Мектеп, балабақша бар. Бірақ, Бейнеуде мешіт жалғыз. Ауыл жұрты бұл мәселені талайдан бері көтеріп келген. Күні кеше сол тілектері орындалып, тұрғындар қуанышқа кенелді.

Бейнеу ауыл деген мәртебеге ие. Ауылда 56 мыңнан аса адам тұрады. Қазақстандағы ең үлкен елді мекен осы. Мұнда 11 мектеп, 10 балабақша, екі аурухана мен емхана бар. Бірақ, мешіт жалғыз. 90-шы жылдары салынған құлшылық үйіне бейнеуліктер сыймайтын. Талайдан бері тілектері мешіт болған. Көптің сол тілеуі орындалды. Бейнеу ауданында 27 жыл әкім болып, былтыр дүние салған Басшы Әзірхановтың атында күні кеше мешіт ашылды. Игі іске мемлекет және қоғам қайраткері Басшы Айжанақұлының отбасы мұрындық болған. Құрылысы наурызда басталған Алла үйі небәрі бірнеше айда салынып, жамағатқа есігін айқара ашты. Жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді алып жатыр.

Құралай Әзірханова, Басшы Айжанақұлының жары:

- Бәкеңнің өзі көзі тірісінде халқына қызмет жасап кетті ғой. Енді ол кісі жоқ болса да ол кісінің атындағы мешіт халқына мәңгі қызмет жасай берсін деген ниетпен осы мешітті салуды ұйғардық. Мешіт енді 350 адамдық. 8 мұнаралы. Ішінде музейі бар, кабинеті бар. Құран оқитын бөлмесі бар, үлкен мешіт. Заманауи жабдықтармен жабдықталған. 

Ардақ Жұмаұлы, Бейнеу ауылының тұрғыны:

- Ауылымызда бір мешіт тарлық ететін еді. 55 мың халыққа тарлық ететін, енді екінші мешіттің құрылысы бітті. Осы халыққа қолдануға берілді. Енді алдағы уақытта да көбейе берсін осындай мешіттеріміз.

Бейнеу тоғыз жолдың торабында жатқан ауыл. Сондықтан мұнда қызмет көрсету ісі ілкімді. Шағын және орта бизнес қанат жайған. Бір ғана кәсіпкерліктен түсетін салық аудан бюджетінің 60 пайызын құрайды. Елдегі ең үлкен ауылдың инфрақұрылымын одан әрі дамыту қазір басты мақсат болып тұр. 

Расул Тайшыбаев, Бейнеу ауылының әкімі:

- Асфальт салу, балалар ойын алаңын салу, демалыс орындарын, парктер, саябақтар салу жұмыстарымен жұмыстанып жатырмыз. Бірақ, мектеп салу жұмысы ешқашан тоқтамайды. Себебі халықтың саны өсуі өте жоғары. Жылына қыркүйек айында 900-1000-ға дейін бала бірінші сыныпқа барады. Бұл дегеніміз бір мектептің оқушысы келеді деген мағынаны білдіреді. Сондықтан жылына бір мектеп керек, қосымша құрылыстар да салынып жатыр.

Бейнеу Маңғыстау облысында бала туу көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұр. Ауылда жылына мыңнан аса сәби дүниеге келеді. Мұндай қарқынмен кете берсе, Бейнеудің ауылдан шағын қалаға айналар күні алыс емес. Ал шаһар болуға Бейнеудің логистикалық әлеуеті мен халқының өсімі мүмкіндік бергелі тұр.

Қорған Қонысбайұлы