Елімізде баспананы жалға беру құны артты

Азық-түлік бағасын ауыздықтаймыз деп жүргенде баспананы жалға беру құны да шарықтап кеткен. Салдарынан  жылдық инфляция деңгейі 17% жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің әлеуметтік ахуалын талқыланған Үкімет отырысында бүгін Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов осылай деді. Көрші елдегі ішінара мобилизациядан кейін кей тұрғын үй иелерінің жалға беру құнын аcпандатып жібергені жасырын емес. Айтпақшы, білім беру қызметі мен кеңсе тауарларының бағасы да соңғы екі айда айтарлықтай өсіп кеткен.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Фискалдық ынталандыру аясында жоғары инфляциялық процестердің орнықтылығы және экономикадағы сұраныстың күшеюі, оның ішінде жоғары инфляциялық күтулерді қолдайтын жаңа күтілмеген сыртқы өзгерістерді ескерсек, ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту талап етіледі.

Келер жылы кей мемлекеттерде инфляция деңгейі төмендейді

Бұл – елдегі ахуал, ал әлемге қатысты болжам позитивті. 2023 жылы кей мемлекеттерде инфляция қарқыны баяулайды. Оған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Біріншіден, пандемияның шеңгелінен шықтық. Яғни коронавирустың жаңа толқынының болмауы – инфляцияның төмендеуіне түрткі. Екіншіден, Еуропаның энергия нарығындағы қысым да айтарлықтай төмендеді. Ал үшінші фактор ол – Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстың күшейіп кетпеуі. Дәл осы болжамдар расталса, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дерегінше G20 елдерінде инфляция 8,2%-тен 2023 жылы 6,5% дейін төмендейді.