Ақтөбеде газсыз отырған ауылдың мәселесі шешілді

Ақтөбеде газ желісіне қосыла алмай отырған Жаңақоныс-3 ауылы тұрғындарының мәселесіне Антикор араласқаннан кейін, көгілдір отын жетті, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл күнді ұзақ күткен елдімекен тұрғындары, енді жаппай желі тарту үшін тиісті мекемелерге өтініш беріп жатыр. Ауылдықтырдың газге қатысты мәселесін біз осыдан бір ай бұрын көрсеткен едік. Сол кезде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен әкімдіктің уәдесінен шаршаған жұрт енді өзге органдарға да шағым түсіретінін айтқан болатын. Себебі ауылда алғашқы үйлер 2018 жылы пайда болып, бүгінге дейін жүздеген баспана салынса да электр жарығынан басқа инженерлік желі іске қосылмаған. Сондықтан қыс кезінде әр үй жылу үшін 800 мыңнан бір млн теңгеге дейін, ақша төлеп келген. Тіпті кейбір тұрғын үміт үзіп, қалада пәтер жалдап тұруға мәжбүр болыпты. Ал ауылға тартылған көгілдір отын желісі бір жыл бойы қосылмай тұрған. Енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің іске араласуынан кейін газ берілді. Анықталғандай, мұржаларды тазарту кезінде кемшіліктер орын алған.  

Жансерік Оразалин, Жаңақоныс-3 ауылының тұрғыны:

- Он шақты күннің ішінде газдың мәселесі шешілді. Антикор қызметкерлеріне алғыс білдіргім келеді. Қазір бәрі құжаттарын жасап жатыр. Енді кімнің кезегі қай уақытта келеді, сол кезде кіргізіп алады.

Алмат Мырзәлиев, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Бүгінде Агенттікпен сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы әзірленген. Осыған орай департамент әлеумет үшін аса сезімтал болған мәселелерге үнемі мониторинг жүргізіп, мақсатқа бағытталған жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы Жаңақоныс-3 ауылының тұрғындары газ жөнінде шағымданған. Енді сол мәселелерді әкімдікпен бірге жұмыс жасап, газ қосу әрекеттері жасалған.