ArtSport бағдарламасы ауыл балаларының өнерін ұштауға септігін тигізіп отыр

ArtSport бағдарламасы ауыл балаларының дарынын ашып, өнерін ұштауға септігін тигізіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бастау алған жоба аясында 23 мыңдай сырбойылық оқушы бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алды. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі арқылы облыста құрылған 205 спорт секциясына тіркелген жеткіншектер өңірлік жарыстарға қатысып жүр. Ал 412 шығармашылық үйірмеге жазылған өнерлі өрендер болса, есепті концерт беруді бастады. Балалар жылында бастау алған бағдарлама қатысушылары қорытынды шараларын егемендік декларациясы жарияланған Республика күніне арнап отыр.

Жаңақорған ауданы Қожакент ауылындағы шығармашылық үйірмеге жарты жылдан бері қатысып жүрген Назеркенің сахна мәдениетін меңгеріп қалғаны көрініп тұр. Қойылым барысында өзін еркін ұстаған жас актриса отан үшін жаумен арпалысқан Әлия Молдағұлованың бейнесін сенімді сомдай білді.

Назерке Мамат, Қожакент ауылының тұрғыны:

- Сахнада қалай тұру, қалай жүру керек, ненің дұрыс-бұрыс екенін үйрендім. Болашақта журналист мамандығын таңдап отырмын. Бұл таңдаған мамандығыма үлкен үлес қосады деген сенімдемін. 

Әйгілі ақын Манап Көкеновтің есімі берілген ауылда тұратын Жансаяның қолына түскен ине жіпке дереу жан бітеді. Кішкентайынан кесте тігуге жаны құмар бұрымды қыз қазір қолөнердің қиын түрлерін үйреніп жүр.   

Жансая Әлібай, Манап ауылының тұрғыны:

- Қолөнер үйірмесінде көптеген құрақ құрауды, мозайка жасауды және де кілемдер тоқуды үйретті. Алмаз мозайка құрдық және көптеген бұйым жасап, кесте мен кілем тоқуды қазір үйреніп жатырмыз.

Жыл басында құрылған ең ірі шығармашылық орталықтың 6 елді мекендегі үйірмесіне 600 бала жазылған. Ауылдарда 30 тәлімгер қосымша жұмыспен қамтылып отыр. Барлық жанр бойынша өрендердің өнерге деген құштарлығы жоғары.

Лесбек Әлмаханов, шығармашылық орталықтың меңгерушісі:

- Балалардың талпынысы бар. Өйткені ауылдық жерде қаражатсыз келгеннен кейін талпынып, үйреніп жатыр. Қазір біраз бала домбыра үйренді, бір ауылдың өзінен 40 шақты қыздар билеп жатыр. Оның бәрі жақсылық қой деп ойлаймыз.

ArtSport бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғасатын болып бекітілді. Жас таланттардың қанатын қатайтатын тегін жоба аясында мыңдаған Сыр өнерпаздары үлкен сахнаға жолдама алатыны сөзсіз.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Сондай-ақ...