Прокурор Е.Біртановтың ісіне қатысты ұсыныс айтты

Елордада бүгін Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке қатысты сот отырысы өтіп, мемлекеттік айыптаушы бұрынғы денсаулық сақтау министрін 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ мемлекеттік қызметте, соттарда, Ұлттық Банкте және тағы басқа лауазымды қызметтерді атқару құқығынан айыруды және президенттің атына Біртановты «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізу керек деді. Ал экс-денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке қатысты прокурор 5 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынды. Сондай-ақ айыптаушы тарап экс-басшылардан мемлекетке келтірілген 1,5 млрд теңгеден астам шығынды және санавиация бортын пайдаланғаны үшін 5,5 млн теңгені өндіріп алуды талап етті. Келесі сот отырысы қазан айының 13-нде болады деп жоспарланып отыр. Дегенмен қос тараптың қорғаушылары бұл өте аз уақыт екенін айтты.