Қарағанды облысында «Күміс жас» арқылы 200 адам жұмыс тапты

Қарағанды облысында жыл басынан бері «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 200-ге жуық адам жұмысқа орналасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зейнет жасына жетіп қалғанда табыссыз қалған тұрғындар қазір тұрақты жалақы алып отыр. Игі бағдарламаның шарттары қандай, жыл соңына дейін тағы қанша адам еңбекке тартылады? Марат Құсайынов – 61 жаста. Жүргізуші болып 40 жыл еңбек еткен. Кейін жұмыссыз қалады. Содан бері зейнет жасына жақындаған азамат табыс іздеп талай табалдырықты тоздырған. Жуырда «Күміс жас» бағдарламасы жайлы естіп, өтініш береді. 

Марат Құсайынов, «Күміс жас» бағдарламасына қатысушы:

– Жұмыспен қамту орталығының мамандары осы кәсіпкердің телефонын берді. Хабарласып, кездесіп, өзара келістік. Автобус жүргізушісі болып, жұмысқа орналастым. Жалақым 180 мың теңге. Бұндай бағдарламаның барына қуаныштымын. Қазір зейнетақы қорыма, медициналық сақтандыруға ай сайын ақша түсіп жатыр.

 «Күміс жас» бағдарламасына қатысу кәсіпкерлерге де тиімді болып тұр. Себебі жұмыскерге тағайындалған жалақының тең жартысын мемлекет төлейді.

Қуаныш Тұрсынбеков, кәсіпкер:

Жеңіл машина жөндейтін 4 адам бар, сварщик бар, автоэлектрик. Сосын «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 2 шофер бар грузовой машинаға.

Қазір Қарағанды облысында 55 жастан асқан 9600-ге жуық адам тұрады. Мамандар солардың арасынан бағдарлама талабына сәйкес келетіндерін іріктеп, еңбекке тартып жатыр. Жоғары сұраныста тігіншілер, дәнекерлеушілер, жүргізушілер.

Қаламқас Қадырбаева, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әб басқармасы басшысының орынбасары:

418 адам биылдық біздің жоспарымыз. Сол жоспардың қазір 178 адамы жұмысқа орналастырылды. Әрине әр адамның қалауы бойынша. Жылдың соңына дейін жоспарды орындау біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Әзірге «Күміс жас» бағдарламасына тек зейнеткерлікке екі жыл қалғандар қатыса алады. Ал келесі жылдан бастап 55 жастан асқандарды түгел қосу жоспарланып отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар