Қарағандыда жаңа жылу желісі салынады

Қарағанды қаласының оңтүстік шығыс ауданында құрылыс қарқынды. Бірақ бұл жылу тапшылығына әкеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді билік мәселені оңтайлы шешу үшін жаңа жылу жүйесін тарта бастады. Қарағандының Оңтүстік-шығыс аумағы қазір қарқынды дамып келе жатыр. 2021 жылы облыста құрылыс қарқыны тәуелсіздік алған жылдар ішінде рекордтық көлемге жетіп, 660 мың шаршы метрден астам үй салынған. Басым көбі оңтүстік-шығыс ауданда. Алайда мұндай қарқынға ескі жылу тораптары шыдас бере алар емес. Сондықтан қазір жаңа жылу торабы салынып жатыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

–Үшінші жылу желісін салу қазір Қарағандыдағы ең ірі жобаның бірі. Себебі соңғы уақытта жылу тапшылығы салдарынан Оңтүстік-шығыс аймағында жаңадан құрылыс салу қиындай бастаған. Енді жаңа жоба жүзеге асатын болса жауапты мамандар қайтадан жаңа бір Оңтүстік-шығыс сияқты ірі аймақты еш қиындықсыз салуға мүмкіндік болады дейді.

Жобаның жалпы құны 46 млрд.теңге, ал қуаты сағатына 526 гигаколория жылу өткізеді. Ол бойынша үшінші ЖЭО-нан насос станциясына дейін 22 шақырымға жуық құбыр төселеді. Кейін бұл жылу таратушы компания балансына өтеді.

Иван Выткин, «Теплотразит Қарағанды» ЖШС бас инженері:

– Біз қазір жылу тапшылығының аз-ақ алдында тұрмыз. Бұл жұмыс дер кезінде жасалып жатыр деуге негіз бар. Құрылыс қарқынына сай жаңа кешендерге жылу жүргізу мәселесі енді туындамайтын болады. Оның үстіне ескі жүйеде ақау не апат болса осы жаңа жүйені пайдалануға болады. 

Бірақ бұған Қарағандыдағы 3-ЖЭО-қуаты жетпеуі мүмкін. Сондықтан онда да модернизациялық жұмыстар жүруі тиіс. Осылайша энергоорталық тағы бір турбинаны іске қосуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде өндіретін энергия көлемі жаңа сұранысқа сай болады. 

Мырзахан Ахметов, «Қарағанды энергоорталық» компаниясы бас директорының орынбасары

Қарағанды қаласында жылу энергиясының тапшылығы бар. Осыған байланысты 2027 жылға дейін 9 қазандық пен 7 турбоагрегаттың салу жоспары іске асады. Ол бізге қосымша тағы да электр қуатын 120 мегаватқа және жылу қуатын 180 гигаколория сағатына көбейтуге мүмкіндік береді.

Мердігерлер болса, қазір қажетті шикізаттарды жеткізуде қиындықтардың жоқ екенін айтады. Көбіне көршілес елдер мен отандық өнім пайдаланылып жатыр. Жоба 2024 жылға дейін аяқталуы тиіс.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар