loader

Алматыда жатақханаға мұқтаж студенттерге арналған жедел штаб жұмысын тоқтатқан жоқ

Алматыда жатақханаға мұқтаж студенттерге арналған жедел штаб жұмысын тоқтатқан жоқ

Жедел штабқа осы уақытқа дейін 200-ден аса адам хабарласқан. Штаб бір айдан бері жұмыс істеуде. Мұнда студенттерге тәулік бойы қызмет көрсетіледі. Соның арқасында бірқатар студенттер жатақханадан орын тапса, кейбіреулеріне арзан пәтер табылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шәкірттердің мәселесі шешілгенше штаб тарапынан уақытша қонатын орын қарастырылған. Арман Сәрсембаев Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде екінші курста оқиды. Маңғыстаулық жас жігіт осы күнге дейін қала сыртындағы туысқандарының үйінде тұрған. Күнделікті сабаққа келу үшін 2,5 сағат жол жүреді екен. Ол студенттерге арналған штаб барын ести сала бірден көмек сұрапты.

Арман Сәрсембаев, студент:

– Туысқандарымның үйі үлкен болғанымен, кішкентай балалары көп. Өздері жұмыста болғандықтан, мен жиі бала бағып қаламын. Сабақ оқу қиын. Қаладан хостел немесе пәтер іздедім. Ал пәтерді жалдау қымбат. Штаб маған бір аптаның ішінде жатақхана тауып берді.

Бір ай бұрын ашылған студенттерге арналған штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Осы күнге дейін мұнда 200-ден аса адам хабарласып, көмек сұраған. Штабтың телефон номері мен мекенжайы әлеуметтік желілерде және университеттер парақшасында көрсетілген.

Рауан Аймаш, жедел штаб қызметкері:

– Осы соңғы үш күнде демалыстан бері қоңырау саны көбейіп кетті. Оған себеп пәтер бағалары өсуінде деп ойлаймын және студенттердің айтуы бойынша. Жедел штабтың жұмысы әлеуметтік желілерде көп таралуынан қоңыраулар көбеуюде қазір. Мысалға осы үш күн аралығында 25-30 таман студент жатақханаға мұқтаж екеніне айтты және тізімге тіркелді.

Мүлдем барар жер табылмаған студенттерге штаб жанынан 16 орындық 4 бөлме қарастырылған. Олар баспана мәселесі шешілгенге дейін осында тұруына болады. Жалпы қалада жатақхана жетіспеушілігі көптен бері айтылып келеді. Мұндағы 35 жоғары оқу орнында 200 мыңдай тәлімер білім алады. Олардың 70 пайызы өзге облыстардан келген.

Қайдар Тасыбеков, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ проректоры:

– 19 871 студентіміздің 11 мың 400-дей студенті жатақханаға мұқтаж. Солардың қазіргі таңда 7 600 студентке жатақхана орындары берілді. Оның айта кету керек, 1800-ден астам орындарды біз қосымша өзіміз хостелдер мен осы универ маңайынан, қала аумағындағы үлкен мекемелермен келісе отырып осы студенттерге жеңілдікпен қарастыратын жағдайды қалыптастырдық.

Ғылым және жоғары білім министрінің мәліметінше, студенттердің жатақхана мәселесі 2026 жылға дейін шешім табуы керек. Әзірге студенттерге арналған штаб жұмысы жалғасуда.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев

Сондай-ақ...