Риддердің реңі кіре ме – ШҚО

Риддер қаласындағы жергілікті сәулетшілер осыдан 60-70 жыл бұрын салынған тұрғын үйлердің сыртын қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балкондары ескіріп, тозығы жетіп тұрған баспаналарды қайта әрлеу мәселесін ең алдымен жергілікті депутаттар көтерді. Олардың айтуынша, бұл жобаға қайткен күнде қаржы бөліну керек. Риддер тамаша табиғат ортасында тұрғанмен қаланың сәні мен сәулеті кете бастаған.Оған әсіресе ескі ғимараттар мен үйлердің көптігі әсер етіп тұрғаны рас. Қаншама сапалы салынғанымен, жел мен күн жеген көпқабатты баспаналардың сырты сыпырылып түсе бастаған. Балкондар кез келген уақытта құлауы мүмкін.Бұл жергілікті тұрғындарды да алаңдатып отырған жай.

Бірақ қалалықтар қалпына келтіру жұмыстары тек есеп үшін емес, сапалы болса деген тілектерін жеткізді. Өйткені кезінде тұрғындарға жалдамалы үй ретінде берілген мына баспананың сыртқы жөндеуі ешкімге ұнамапты.Енді оны қайта алдыра алмай жүр.

Анастасия Палийчук, Риддер қаласының тұрғыны:

– Біз мына бір кафельді алып тастағанын қалаймыз.Қыста  сөгіліп түсіп қала ма деп алаңдап отырмыз.Бірақ әзірге ол ұсынысымызды ешкім қолдамай отыр.

Дегенмен жергілікті билік ескі үйлерге жаңа әр беруге үлкен жауапкершілікпен қараймыз деп сендіріп отыр. Қазір осы жобаға бөлінетін қаржы мөлшері анықталуда.

Нұрсұлтан Көккөзов, Риддер қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Шаһарды бірыңғай сәулеттік келбетке келтіру сұрақтары талқыланып жатыр. Біз өз тарапымыздан  қаламыздың жаңара түскенін қалаймыз.

Кеншілер қаласының келбетін өзгерту шаралары нақты қашан басталатыны белгісіз.

Айта кететін бір жай, жақында ел Президенті шағын қалалар алпауыт кәсіпорындарға басыбайлы тәуелділіктен арылып, өз алдына таза әрі жасыл желекті елді мекендерге айналу қажеттігін баса айтқан болатын.

Авторлары: Эльмира Ахметова,Вячеслав Ветлугин и Дмитрий Пыхтин