Түркістанда 77 мың адамға арналған көп пәтерлі үйлер салынды

«Түркістан - атажұртымыздың алтын қазығы». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Түркістан қаласына жасаған сапарында рухани шаһардың тарихи мән-маңызына ерекше тоқталды.

Сосын Түркістанға рухани және тарихи елорда мәртебесін беру туралы үкіметке тапсырма берді. Одан бөлек келесі Ұлттық құрылтайды Түркістанда өткізуді ұсынды. Президент тапсырмалары қалай орындалып жатыр?

Жаңа заманға сай қайта түрленген Түркістан өңіріне соңғы 4 жылда тартылған инвестиция көлемі 8 есе артып, 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынды. Халық саны тығыз орналасқан өңірде туу көрсеткіші де жоғары. Еліміз бойынша әрбір жаңа туған 7-ші сәби Түркістан облысына дүниеге келеді. Осыны ескерген Президент Сарыағаш ауданына перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырды. қазір оған қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлінетін болды. 

Марат Пашимов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазығұрттан бастап оңтүстік аудандарда 900 мыңға жуық адам тұрады. Олардың ішінде 3-4-дәрежелі науқастардың бәрін біз Шымкент қаласына тасымалдаймыз. Түркістан облысы Шымкент қаласымен бөлінген кезде бздің көп ауруханаларымыз Шымкент қаласында қалып қойды. 

Мемлекет басшысының ұсынымен киелі шаһарға рухани және тарихи елорда мәртебесін беру бағытында шаралар қолға алынды. Үкімет лайықты шешім қабылдайтынын жеткізді. Бұл Түркістан жұртшылығына қандай міндет жүктейді?  

Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:

- Түркістанның ерекше мәртебе алуына негіз бар. Себебі көне шаһардың тарихы өте тереңде. Орта Азия және Тұран даласы дейміз ғой, осы аймақтағы ең көне қаланың бірі. Сол себептен біздің мемлекет басшысының ұсыныстары мен тапсырмалары Түркістан өңірінің дамуына серпін беретіні сөзсіз. Ол өз кезегінде біздің дамуымызға түрткі болады.

Бұдан бөлек Президент тапсырмасымен ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізу жоспарланды. Қазір жергілікті атқарушы билік ұлттық құрылтайға әзірлікті бастап кетті. Қазақ халқының тағдырына қатысты маңызды шешімдердің бәрі Түркістан қаласында қабылданған. Сондықтан бұл келелі жиынды өткізуге осы жердің таңдалғанын дұрыс деп қабылдап отыр. Қонақтарға көрсететін тарихи-мәдени орындар мен туристік нысандар дайын екенін жеткізді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш