Павлодарда коммуналдық желілердің 80%-і тозған

Салдарынан тұрғындар қақаған қыста жиі жылусыз қалады. Соңғы жылдары коммуналдық апат та көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстың шағын шаһарларындағы жағдай да мәз емес. Өңірдің инфрақұрылымына қатысты мәселені шешуді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа сапары кезінде тапсырған болатын. Президент тағы қандай тапсырмалар берді? Құндыз Шәкірова облыс орталығында дәмхана ашты. Бірақ кәсібін дамытуға кедергі көп. Өйткені бұл шағын ауданда жылу жетіспейді. Салдарынан дәмханасын үш жыл бойы көмірмен жылытып отыр. 

Құндық Шәкірова, кәсіпкер:

Жылу желілеріне қосылуға рұқсат бермей жатыр. Энергия көздерінің қуаттылығы аз. Пеш жағудан басқа амал жоқ. Газ құралдарын орнатуға болады деген жауап алдық. Бірақ қорқып отырмыз. Себебі ол қауіпсіз. Ертең өрт немесе жарылыс болса қайтеміз?

Осындай мысал жетерлік. Облыс орталығында тұрғын үй және өзге де нысандардың құрылысы қарқын алған. Олардың барлығын жылумен қамту үшін энергия көздерінің қуаттылығын ұлғайту керек. Ал инженерлік инфрақұрылымның тозғаны соншалық, жылу маусымында жүздеген апат тіркеледі. Мәселені біртіндеп шешуге мүмкіндік бар. Ол үшін жыл сайын кем дегенде желілердің 25 шақырымын ауыстыру қажет.

Ержан Салханов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Тозған желілерді ауыстыру және жылу орталықтарының қуаттылығын ұлғайту бойынша жол картасы әзірленді. Қазіргі уақытта ішкі жылу желілерін реконструкциялау жобасы бар. Құны 3,4 млрд. теңге болатын жоба салалық министрліктің қарауында. Кейін 25 шақырымды ауыстыру жобасын әзірлейміз. Жол картасы 2030 жылға дейін жүзеге асырылады.

Мамандардың есебінше, ішкі жылу желілерінің 300 шақырымын реконструкциялауға 95 млрд. теңге қажет.

ТРАМВАЙ ЖОЛДАРЫ ҰЗАРТЫЛАДЫ

Қазір қаладағы өзекті мәселелердің бірі – трамвай көлігін сақтап қалу. Қоғамдық көліктің бұл түрі Павлодар қаласының символы ғана емес, жолаушы тасымалында маңызы зор. Экологиялық таза трамвайлармен күніне 45 мыңнан астам адам қатынайды. Сондықтан оны сақтап, жүйені дамытуды тоқтатпау керек. Бұл міндетті жергілікті билікке Мемлекет басшысы жүктеді.

Наримар Омар, облыстық жолаушылар көлі іжәне автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Қазіргі уақытта трамвай жолдарын екінші Павлодар және Достық шағын аудандарына ұзарту мәселесі қаралуда. Трамвай паркін жаңарту жағы да назарымызда. Осыдан үш жыл бұрын 29 вагон іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыс та жалғасын табады.

СУАРМАЛЫ ЖЕР КӨЛЕМІ ҰЛҒАЯДЫ

Президент жүктеген тағы бір тапсырма – суармалы жер көлемін екі есеге ұлғайту. Алдағы уақытта алқап көлемін екі есе ұлғайту қажет. Бүгінде облыс аумағында 137 мың  гектар суармалы жер  бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар көкөніс өнімдерін молынан жинап, ішкі нарықты сапалы азықпен қамтып отыр.

Руслан Дәуітбаев. облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Суармалы жер шаруашылығын дамыту үшін 19 жоба бар. Құжаттамаларды шаруашылықтар өздері әзірледі. Сәтін салса, 17 мың гектер қолданысқа енгізілмек. Қаржы жағынан қолдау болса, жүзеге асыруға әзірміз.

Мамандардың айтуынша, ол үшін жер де, Ертістің суы да жеткілікті. Соңғы үш жылда суармалы алқаптар 50 мың гектарға көбейген. Ал 2030 жылға дейін көрсеткіш 300 мың гектарды құрамақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат