Павлодар облысының халқына көпір керек

Май ауданының жұрты шабындық жерлеріне өте алмай әлек. Өйткені екі арада көсіліп Қара Ертіс жатыр. Ал осы өзеннен өтетін 30 жылғы паром әбден ескіріп, қираудың шақ алдында тұр. Тұрғындар қауіпті болса да осы техниканы пайдаланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы бір мәселе, шөп шабу кезеңінде паромға ұзын-сонар кезек. Мәселені шешудің жалғыз жолы – пантон көпір салу дейді шаруалар. Май ауданы Баскөл ауылының тұрғындары қысқа деп әзірлеген мая-мая шөбінен айырылды. Жуырда өрт болып, мамандар өзеннің арғы жағына дер кезінде жете алмады. Көпір жоқ. Арнайы техника шабындыққа жеткенше, мал азығының бір бөлігі жанып кетті.

Алтай Балкенов, Май ауданы Баскөл ауылының тұрғыны:

– Өртті өз күшімізбен сөндіре бастадық. Кейін ауданнын өрт сөндірушілер келді. Паром ауыр техниканы көтере алмайды. Жүктемесі төмен. Сондықтан мамандар цистернадағы суды төгіп, арғы жағаға әзір өтті. Шабындыққа жеткенше қанша уақыт  кетті. Ал тілсіз жау тараған аумақ ұлғая берді.

Ауыл мен шабындық алқапты Ертіс өзенінің саласы бөліп отыр. Шаруалар сол жаққа 30 жыл бұрын қолданысқа берілген паром арқылы өтеді. Оның күші бір жеңіл көлік пен тракторды көтеруге ғана  жетеді. Салдарынан көліктер кептелісі пайда болып, өту қиындайды. Ал ауа райы қолайсыз күндері паром жұмысы тоқтап қалады.

Саят Сапаров, Май ауданы Баскөл ауылының тұрғыны:

Пароммен өту үшін кем дегенде 30 минут жұмсаймыз. Кезек те көп. Өрт болғанда 50-ге жуық шөмелей жанып кетті. Ауылымыз малмен күн көреді ғой. Көпір болмаса, шығынға бата береміз. Қыста малымызды қалай асыраймыз деп алаңдап отырмыз.

Өзеннің арғы жағында алты мың гектарға жуық шабындық жер бар. Қатынас қиын болғандықта, бұл аумақтың тең жартысы ғана шабылады. Жергілікті билік шаруалардың өтінішіне құлақ асып, көпір салып беруге уәде берді.

Ағыбай Әмірин, Май ауданының әкімі:

– Жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Құны 215 млн теңге болатын жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Бюджеттік өтініш те жолданды. Шаруалардың өтінішін орындау керек. Көпір іске қослыған соң бос жатқан шабындықтарды шаруаларға қолданысқа беруге дайынбыз.

Көпір келесі жылы облыстың даму жоспары шеңберінде салынады. Бірегей нысанның құрылысы жергілікті биліктің жіті назарында болмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат