Қостанай облысында жемқорлықпен күрес жүйелі атқарылады

Қостанай облысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша елімізде бірінші орында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл бірқатар мемлекеттік орган қоғамдық кеселмен күресті жүйелендіріп, профилактикалық шаралардың сапасын көтерді. Республикалық агенттік төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов аймақ басшысына бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыруды тапсырды. Сыбайлас жемқорлықпен күресте заңбұзушылыққа жол бермеу үшін оның алдын алу маңызды. Қостанай облысында бұл бағыттағы жұмыстар оң сипатқа ие. Қазір аймақта жемқорлықпен ұсталған бағынышты қызметкер үшін бірінші басшыларды жауапқа тарту күшейтілді.

Мұрат Сандыбаев, облыс әкімінің аппарат басшысы:

– Жемқорлықпен күрес қызметінің ұсыныстары комиссияда қаралып, оның орындалуы ерекше бақылауда болады. Әр факт бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою дер кезінде қолға алынады.

Дмитрий Малахов, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:

– Агенттіктің бастамасымен әр облыс үшін жемқорлық тәуекелдері картасы әзірленді. Енді коррупциямен күрес жұмыстары осы карта негізделіп бағаланады. Әрине бұл мақсатқа бағытталған қай шараның да маңызы зор. Демек жұмысты әрі қарай ширатып, жүйелі жүргізе беру қажет.

Жыл басынан бері барлық басқарма мен әкімдік 47 мыңға тарта мемлекеттік сатып алу рәсімдеді. Жеморлық тәуекелдері осы салада өткір тұр. Осыған орай аймақта балдық және рейтингтік жүйенің іске қосылғанына бірнеше ай өтті.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

Осы жүйені алғаш енгізген біздің облыс. Оның негізінде мемлекеттік сатып алуға адам қатыспайды. Электронды жүйе арқылы веб-портал қызмет көрсетушіге автоматты түрде рейтинг береді. Баға мен сапаны өзі саралайды. Яғни мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, облыста коррупциямен күресетін арнайы комитет құрылды. Оның міндеті жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырып, аймақ бойынша азаматтық бақылау жүргізуге негізделген.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг