Алматыда оқушыларға түскі ас ланч-бокспен беріледі

Алматыда мектеп оқушыларын тамақтандыру жүйесін оңтайландыруға қатысты пилоттық жоба іске қосылды. Әзірге ол мегаполистегі үш білім ошағында жүреді. Бұл бағдарлама бойынша асханадағы ыдыс қана өзгеріп қоймай, тамақ беру тәсілі, тағамның дайындалуы, астың құнарлығы түгелдей қатаң бақылауға алынған. Жоба жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылды.

Бұл Алматының Алатау ауданында орналасқан №205 мектеп. Мұндағы бастауыш сынып оқушыларына осы оқу жылынан бастап түскі ас ланч-бокспен беріле бастады. Мұнда қуырылған майлы тамақ мүлдем жасалмайды. Оның орнына көбіне буға немесе пешке бұқтырылып пісіріледі. Сусындағы қант мөлшері де мұқият тексеріледі. Жобаны тәжірибеден өткізіп жатқан компания өкілдері мұның  көп ұзамай  нәтиже беретініне сенімді.

Әсемгүл Омарова, компания директоры:

- Біз бұл пилоттық жобаны елімізде алғаш болып қолға алдық. Мұнда азық-түлік қауіпсіздігі, оның экологиялық тұрғыдан басты назарға алынған.  Бұл жерде ыдысты ғана өзгертіп отырған жоқпыз. Балаларды фастфудтан ажыратып, оның орнына пайдалы ас береміз.  Осындай ланч-бокспен тамақ беруді  Оңтүстік Шығыс Азия  елдері тиімді пайдаланып жатыр.

Мектеп оқушыларына арналған түскі асты ланч-бокспен беруді алғаш болып Жапония  бастаған. Бұл әдісті олар 60 жылдан бері қолданып келеді.  Арнайы ұяшықтары бар ыдыс ұстауға өте ыңғайлы. Салмағы білінбейді. Оның үстіне тамақ мөлшерін қадағалауға жақсы. Міне, балалар түскі асын ішіп болды. Босаған ланч-боксты өздері жинайды.  Аспаздарға  дәмді тағам үшін алғыс айтуды да ұмытқан жоқ. 

Білімхан Әсет, 4-сынып оқушысы:

- Біз бүгін күріш және тауық етін жедік. Бізге асхананың тағамдары ұнайды. Кеше балық жедік. Езілген картоп жедік. 

Тамақтану сапасын ведомствоаралық сараптау тобы қадағалайды. Оқушыларға арналған ас барлық талапқа сай болуы керек.

Гүлнәр Берденова, Қазақ тағамтану академиясының зертхана меңгерушісі:

- Біз балалардың қалай тамақтанатынын көрдік. Ас мәзірі оның жасалу технологиясы Қазақ тағамтану академиясының әзірлемесіне сәйкес келеді. Яғни  физиологиялық қалыпқа сай. Аста балаға қажетті  дәрумендер мен микроэлементтердің болуы ескерілген. Оның барлығы тағамда бар. 

Азамат Қалдыбеков, Алатау ауданының әкімі:

- Осындай бақылау біз әрдайым жүргізіп отырамыз. Бүгін 205-мектепке келдік. Өтініштер болуы мүмкін. Басқа да ата-аналардан өтініштер түскен жағдайда бақылауға шығып отырамыз. 

Жобаның екінші кезеңі  ақпараттандыру саласына арналған. Тамақты дайындау, оны ланч-боксқа салу барысын ата-аналар мектептің веб-сайтынан онлайн режимде көре алады. Егер пилоттық жоба мақұлданса, бұл жүйе Алматының басқа мектептеріне енгізіледі.

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов