Жетісу облысының Бесқайнар ауылына газ берілді

Республика күні мерекесі қарсаңында Жетісу облысының Көксу ауданына қарасты Бесқайнар ауылында табиғи газ құбыры іске қосылды. Алдағы аптада аудандағы тағы үш елді мекеннің тұрғындары көгілдір отынның қызығын көре бастайды.

Жалпы Жетісу облысы бойынша бүгінде халықтың табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 42 пайыздық межеге жеткен. 

Бұл күнді Бесқайнар ауылының халқы көптен күтті. Міне, енді жылдар бойы аңсаған армандары орындалып, көгілдір отынға қол жеткізіп жатыр. Табиғи газдың алғашқы алауын ауылдағы көпбалалы аналар тұтатты. Өйткені әр шаңырақтың жылуын сақтап, түтінінің түзу ұшуына ұйытқы болып отырған сол ақ жаулықты әйел-аналарымыз екені даусыз.

Бибігүл Көбегенова 1978 жылдан бері Бесқайнар ауылында тұрып келеді. Жұбайы мен қызы бірнеше жыл бұрын қайтыс болған. Мүгедек ұлы мен марқұм болған қызының артында қалған 3 жиенін жалғыз өзі асырап, бағып отыр. Аудан әкімінің өтініші бойынша мердігерлер оның үйіне газды тегін кіргізіп берді. 

Бибігүл Көбегенова, Бесқайнар ауылының тұрғыны:

- Көмір жағатынбыз. 4 тонна көмір кететін. Күнде 3-4 шелек көмір жағатынбыз. Көп рахмет айтамын бәріңізге! Бейнеттен құтылдық. Жақсы, мына жеңіл жұмысқа кіріп жатырмыз енді. 

Мәрлен Көлбаев, Көксу ауданының әкімі:

- Бұл осымен төртінші ауыл Көксу ауданында газға қосылып жатқан. Келесі аптада, 18 қазан күні тағы 3 ауылды қосамыз жаңағы Мәмбет, Жамбыл, Амангелді ауылдарын. Одан кейін жылдың соңына дейін тағы да 4 ауылымыз газға қосылады. Сонда жылдың соңына дейін Көксу ауданында 11 ауыл газға қосылады.

Жетісу облысы бойынша елді мекендердің көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші 10 пайыздық межеден енді ғана асты. Ал халық санына шақсақ, 42 пайызға жеткен. 2025 жылға дейін өңірдегі 5 аудан мен қос қала толықтай газдандырылады.   

Ернат Дүйсенбекұлы, Жетісу облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Содан бөлек енді бізде 3 аудан қалып отыр. Бұл бізде Ақсу ауданы, Сарқан ауданы, Алакөл ауданы. Ол жаққа магистральный газопровод салу керек. Магистральный газопроводтың жобасы жылдың аяғында шығады. Бүгінгі таңда 80 миллиардтан астам құны шығып отыр. Енді ол үлкен сумма 80 млрд. деген біздің бюджетке. Оны енді республикадан қараймыз, сұраймыз.

«Аталған үш ауданның аумағында 66 елді мекен бар. Республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, магистралды газ құбыры тартылса, ондағы ауылдардың бәрін 1-2 жылдың ішінде көгілдір отынмен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар», - деді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ернат Бәзіл.

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев