Ақмола облысында ормандағы өрт қауіпсіздігі күшейтілді

 

Қазір өңірде қосымша минералды жолақтар салынып, алдын алу, сақтық шараларына баса мән беріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған өткен айда, еліміздің бірқатар аймағында болған орман өрті түрткі болды. Жасыл желекті қалай тілсіз жаудан, аман алып қалуға болады?

Дамир Берікұлы, тілші:

– Сандықтау – Ақмола облысындағы ең орманды аудандардың бірі. 80 мың гектар алқапты қайың мен қарағай алып жатыр. Мұнда 3 бірдей орман шаруашылығы бар. Сол себепті де профилактикалық шараларды күшейту дәл осы ауданнан басталмақ.

Орманда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең танымал әдістерінің бірі, ол – айналаны жыртып, минералды жолақтар жасау. Бұрын мұндай шара жылына 3 рет қана атқарылатын болса, енді тоқсан сайын жүргізіледі. Ені 4 метр болатын ондай жерлер, тілсіз жаудың тоқтауына сеп болмақ.

Думан Дәлешов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

– Сондай-ақ бізде тікұшақпен барлау жасалатын аудандардың қатары 5-тен 7-ге көбейді. Олар өрт қаупі күшті кездері күн сайын орманды әуден бақылап жүреді. Одан бөлек 61 мобильді топ демалушылар көп жиналатын жерлерде кезекшілікке шығады. Алдағы уақытта олардың да қатары артады. Жоспар бойынша жаңадан тағы 17 жедел топ құрылады. 

Орманды оттан қорғауға қазір өрт сөндірушілер ғана емес, орманшылар да мықтап кіріскен. Мәселен, Хуторок ауылындағы орман шаруашылығында  жұмыс істейтін 20 шақты табиғат сақшысы қазір күні-түні күзетке шығатын болған. Ал, қырдың басында өрт сөндіру көлігі үнемі тұрады.

Андрей Горбанев, орманшы:

Оған қоса бізде өрт сөндіру бекеті бар. Онда арнайы техникалар тұр. Қызыл жалын шарпыған аумақ үлкен болған жағдайда солар көмекке келеді. Дегенмен, қиын учаскелер жоқ емес. Ол, адамның да, техниканың жетуі қиын қыраттар. Сондықтан қазір сондай жерлерді жіті бақылауға алдық.

Құзырлы орган өкілдері жасыл желекті тілсіз жаудан сақтау үшін егіншілерді де жұмылдырылған. Себебі олар үнемі сол орманның баурайында жүреді. Шаруашылықтардың кейбірі тіпті, оқыс оқиға бола қалған жағдайда өздері-ақ әрекет ету мақсатында өрт сөндіретін арнайы техника да сатып алған.

Дегенмен облыста әлі де болса, жақсы қорғалмаған орман алқаптары бар. Өйткені ол маңайда өрт сөндіру бекеті тұрмақ, арнайы техника да жоқ. Жауаптылар бұл мәселені де қолға алып жатыр.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный