Қарағандыда музыкант симфония сырын ерекше тәсілмен насихаттап жүр

Қарағандыда соңғы кезде үстіне ұлттық шапан киіп, ауладағы тұрғындарға нағыз концерт ұйымдастырып жүрген ер адам пайда болған. Осы қадамы арқылы үрмелі аспаптарды насихаттамақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгінің сал-серісіндей болған ол еліміздің біраз облысын аралап, жанына айлы келетін жерді іздеген. Ақыры Қарағандыға тұрақтапты. Ол Қарағанды аулаларында ешкім күтпеген жерден пайда болып, бір сәт сиқырлы үнмен тербете жөнеледі. Әлемдік классиканы қазақстандық композиторлардың туындыларымен толықтырған. Үстіне қазақы шапан киіп, қолына үрмелі трубасын ұстаған, жанарында мұңы бар жалғыз басты музыкантты кездестірсеңіз – ол Дмитрий Ахмадиев.

Дмитрий Челябинск қаласындағы музыкалық институтты тәмамдаған соң Көкшетау қаласындағы джаз оркестінде 5 жыл жұмыс істеген. Мұнан соң музыканттың жаны еркіндікті қалап, Қазақстанның 7 бірдей қаласын аралады, ең шынайы тыңдармандарын Қарағандыдан тауыпты.

Дмитрий Ахмадиев, музыкант:

Өзіме ұнайтын қаланы іздеп, жеті қалаға бардым. Әзірге Қарағандыда тұрақтадым. Мұндағы адамдар өнерді бағалайды екен. Сондықтан алдағы біраз уақытта осында болып, ауладағы балалардың музыка соның ішінде үрмелі аспаптарға деген құштарын ашып, оятқым келеді.

Дмитрий гитарада да ән салады. Бірақ мақсаты үрмелі аспап саналатын трубасын насихаттау. Ол өзі оқып тәмәмдаған музыкалық аспабына тек осылай адалдығын көрсетпек.  Мысалы Диманың ізімен қазір Петропавл, Алматы қалаларында да көшеге шығып үрмелі аспапты насихаттайтын жандар пайда болған. Ал өзі музыкадан ләззат алатынын айтады. 

Дмитрий Ахмадиев, музыкант:

Бұл аспаптың даусы да қатты шығады. Жүрек сырын шертетін музыканы орындауға болады. Сонысымен ерекше. Адамдардың ілтипаты байқалып тұрады. Бірде мен Шәмшінің әндерін орындап болған кезде ауладағы балалар келіп мені бас салып құшақтады. Сол кезде өзімді ерекше бақытты екенімді сезіндім.

Сахнадан сырт айналуының себебін Дмитрий өзі жүргізген сараптама нәтижесімен түсіндіреді. Ол қарапайым тұрғындардың 70 проценті ешқашан симфониялық оркестр концертіне бармағанын аңғарған. Осылайша ол үрмелі аспапты жаңаша насихаттап жүр. Айтпақшы Дмитрий болашақта ұстазы берген өзімен жасты 30 жылдық трубасының орнына жаңа замануи үрмелі аспап сатып алуды армандайды.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар