Қазақстандық өнертапқыштар сал ауруына шалдыққан балаларға экзоскелет жасап шығарды

Мәулен Бектұрғанов өзінің командасымен экзоскелет жасап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірегей аппарат ерекше балалар мен жасөспірімдердің жүріп-тұруына қолайлы. Ал «Қазақстан халқына» қоры отандық өнімнің қолжетімді болуына мүмкіндік берді. 

18 жасар Александр Боцманның көңіл күйі керемет. Себебі тірек-қимыл аппараты бұзылған жасөспірімнің басты арманы орындалды. Оған отандық экзоскелеттердің бірі бұйырды.

Александр Боцман, оқушы:

- Экзоскелетті қолданып жүргеніме бір апта болды. Бойым үйреніп қалды. Жаттыққанда шаршамаймын. Себебі өзім бассейнге барып, үнемі қимылдап отырғанды жақсы көремін. Ал экзоскелет менің жүруіме де мүмкіндік береді. Аппаратты жасап шығарған мамандарға рақмет айтамын.

Саша қазір 11 сыныпта оқиды. Денсаулығының кінәраты оның дамуына кедергі емес. Қытай тілін меңгеріп, жоғары білімді шетелде алғысы келеді. Оны бүгінге дейін ата-анасы мен достары қолдайтын. Енді «Қазақстан халқына» қоры демеушілік етіп отыр. Олар қайырымдылық бағдарламасы аясында заманауи жаттығу құралын тегін алып берді. 

Асыл Есқұлова, Ұлттық балаларды оңалту орталығының бөлім басшысы:

- Сашамен осы бес күн ішінде экзоскелетпен жұмыс істеп жатырмыз. Аяқтың буындарында тобық, тібе, жамбас буындарының қозғалғыштығын арттырады. Бұлшықеттің созылуына жақсы. Спастикасы да азаяды. Тұлғасы да жақсы болады.

Экзоскелет тағайындалған бала бір апта бойы мамандардың бақылауында болады. Сынақтан кейін ғана тұрақты қолдануға рұқсат беріледі. Жаттығу құралын қазақстандық жас өнертапқыштар жасап шығарды. Мәулен Бектұрғановтың айтуынша, экзоскелеттер әр балаға лайықталып әзірленеді. Жоғары технологиялық аппарат Германия, Америка, Жапонияда да бар. Бірақ бағасы біздікінен бірнеше есе қымбат. 

Мәулен Бектұрғанов, өнертапқыш:

- 2020 жылы бірнеше нұсқасын жасадық. Қазір тағы да жасаймыз. Экзоскелеттің Германиядағы бағасы 40-45 млн тұрады, бірақ балаларға жоқ. Біз 120 см бойы бар жасөспірімдерге жасаймыз.

Бір ескерерлігі, мұндай аппарат сал ауруына шалдыққандардың бәріне жарай бермейді.

Мәулен Бектұрғанов, өнертапқыш:

- Экзоскелет отырған позицияда бала белбеуін ашып, ішіне отырады. Қасына көмекші адам керек. Үстелдің астын тағы бір рет басса, экзоскелет баламен бірге тұрады. Ол қауіпсіздік үшін жасалынды.

Александр – қор арқылы экзоскелет алған екінші бала. Оған дейін игі мүмкіндік 16 жасар Асылжан Сайлауға бұйырған.

Диас Бейсембек, «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі:

- Әлеуметтік осал топтардан шыққан тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған бағдарлама болып табылады. Бағдарлама алғаш рет ұйымдастырылып жатқаннан кейін алғашында 13 балаға экзоскелет алуды жоспарлап отырмыз. Әрбір экзоскелеттің құны 9 млн теңгеден келеді. 

Елде церербралды сал ауруына шалдыққан 17 мың бала бар. Әзірге осындай аппараттар «Кибер фонд» қорына жүгінген 13 балаға бұйырып отыр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ербол Дайыров, Дархан Күнтуов