Қылмыстық істі жүргізу заңнамасы жетілдіріледі

Қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру адам құқықтарын қорғауды күшейтеді.

Бұл туралы Шымкент қаласында өткен көшпелі отырыста айтылды. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары шаһарға жасаған сапарында күн тәртібіндегі өзекті мәселені ортаға салды. Комитет төрағасы, өз баяндамасында есірткі мен адам меншігіне қатысты ауыр қылмыстарға заң аясында жауапкершілік жүгі қатаңдатылды деді. Сондай-ақ қылмыстық процестегі үш буынды модель адам құқығын қорғауда өз нәтижесін көрсетіп жатқанын айтты. Елімізде қарауға алынған істердің 93-95% электронды форматта жүргізіледі. Бас прокуратура автоматтандырылған жүйе барлық процестің ашықтығын қамтамасыз ететініне сенім білдірді. 

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қылмыстардың 85-87% жеңіл қылмыстар болып тұр ғой қазір. Олар телефон ұрлап алды, төбелесіп қалды деген сияқты. Ол қылмыстарды сотталған кезде де медияция тәртібімен келісімге келтіруді ойластырып жатырмыз қазір біріншіден. Біз тыңдаған баяндамаларымыздың қорытындысында сараптама жасалады. Заңнаманы жетілдіруге байланысты нақты ұсыныстар жасалады.