Қарағанды-Балқаш автобаны құрылысының 70 проценті аяқталды

Қарағанды мен Балқаш арасындағы автобан құрылысының 70 проценті аяқталды.

2023 жылдың соңына қарай 4 жолақты күрежол түгел тапсырылуға тиіс. Бұл туралы өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Президент құрылыстың баяу жүріп жатқанын сынға алып, кестеден ауытқымауды тапсырды. Мердігерлер белгіленген мерзімде үлгере ме? 

Қарағанды мен Балқаш қаласының арасын жалғап жатқан автобанның құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Содан бері жұмыстың тек 70 проценті аяқталған. Әзірге екі аралықтағы 363 шақырым жолдың 270-і ашылған.

БЛИЦ: 

- Өте ұзақ істеп жатыр. Шетке дейін вообще, пока доедешь бүкіл жының шығады.

- Мен например тралмен жүремін. Үш сутка жүремін Астана мен екі ортаға, үш сутка деген сұмдық қой 1200 километр жерді. 

- Жолдың жағдайы былтырға қарағанда әжептәуір жақсы болды ғой. Әсіресе Қызылқой мен Шопаға дейінгі. Енді өздерінің сөздерінде тұрса биыл бір жол полностью беріледі деп жатыр ғой. Тосамыз.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, соңғы екі жыл бойы карантиндік шектеулерге байланысты құрылыс қарқыны саябырлаған. Жан-жақтағы мамандар мен техниканы жеткізу оңайға соқпапты. Ол аздай, материал тапшылығы да қолды байлайды.  

Сырым Хамзин, "Қазавтожол" ҰК" АҚ ҚОФ директоры:

- 2021 жылы материалдар күрт қымбаттап, сол қиындық тудырды. Оны атап айту керек, бұл жоба 2016-2017 жылдары жобаланған болатын. Сол жердегі сметалық құжаттарға сәйкес, бұл бағалар 2017 мен 2020 жылғы аралықтағы инфляцияға сәйкестенген. 

Жобаның әу бастағы құны 248 миллиард теңге. Алайда одан бергі 3-4 жылда құрылыс материалдарының құны шамамен 30 процентке өскен. Енді мердігерлер қосымша қаражат сұрап отыр. Бірақ өтініш орындала ма, ол жағы әзірге белгісіз.

Әли Четкин, мердігер компанияның үйлестірушісі:

- Перерасчет болады деп жатыр, білмейміз енді бола ма, болмай ма, біз де соны күтіп отырмыз. Әзірге генподрядчиктің ақшасымен салып жатырмыз. Генподрядчик ақша берді. Келесі жылы бітіру үшін көп техника керек, көп адам керек. Енді корректировканы күтіп отырмыз. Сосын аламыз. Өзімізде бар. Көбісіне ремонт жасаймыз. Мүмкін арендаға аламыз ба, техника керек келесі жылы. 

Айта кету керек, еліміздің көлік логистикасы үшін аса маңызды бұл ірі жобаны қазір шетелдік бас мердігер және 3 қосалқы мердігер жүзеге асырып жатыр. Құрылыс жұмыстары 8 учаскеге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін айналма жол 8 шақырымға қысқарыпты. 

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар