Астанада 6,5 мыңнан астам тұрғын газға көшті

Елордада биыл газ орнатуға ниетті тұрғындардың саны артты.

Оған көгілдір отынды қосуға қажетті құжаттар санының екі есеге қысқаруы түрткі болды. Қазір шаһар бойынша 6,5 мыңнан астам адам көмірсіз өмірге көшті.

Көмір жағудың машаһатын Райхан Сәрсембековадан жақсы білетін жан жоқ шығар.

- Ой смог деген...Смогыңның бәрі үйдің ішіне кіретін..

Сәтін салғанда түтінге тұншыққан күндер енді артта. 12 жылдан кейін көгілдір отынның рахатын көргелі отыр ол.

Райхан Сәрсембекова, қала тұрғыны:

- Газ деген өте жақсы, ыңғайлы. Бір түймені басасың, өзі жанады. Жақсы болды. Үй жылы және таза. 

Қазір Астанадағы Сарыарқа мен Алматы аудандарында үйлерді газға қосу мүмкіндігі толық қамтамасыз етілген. Яғни 10 елді мекен мен 4 шағын ауданда. Осы мақсатта қалада 680 шақырымнан астам газ тарату желісі салынып, квартал ішілік желілер тартылды. 6,5 мыңға жуық тұрғын үй көгілдір отынға қол жеткізді. Әкімдік тарапынан ол үшін біраз жеңілдіктер қарастырылған. Енді бұрынғыдай қалың құжат жинаудың қажеті жоқ. Газ қосу үшін қолыңызда 4 қағаз болса жеткілікті. 

Абылай Оспанов, Астана қаласы әкімдігінің отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің бас маманы:

- Ол сатып алу - сату келісім-шарты, үйдің тіркеу куәлігі, азаматтың жеке куәлігі мен жер актісі. Тұрғын осы құжаттармен ГазТрансАймаққа барып, оған қызмет көрсететін жеке компанияны таңдайды. Азамат барлық талаптарға сай болса, газ тарту жұмыстары басталады. 

Әкімдік әлеуметтің осал топтарында елеп келеді. Газ орнату үшін мұқтаж жандарға бөлінетін сома 2 есеге ұлғайтылып, 430 мыңға жетті.Тегін негізде газды есепке алу құрылғылары да беріледі. Банктер арқылы бөліп төлеу және пайызсыз кредиттеу де бар. Аталған шаралардың арқасында қала экологиясы жақсарып ғана қоймай, газдандыру жеке сектор тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, дейді әкімдіктегілер.