Республика күніне орай Қызылорда облысында мыңға жуық іс-шара өтеді

Республика күніне орай Сыр өңірінде мыңға жуық шара өткізу жоспарланған. Ол бес бағытты қамтиды. Яғни мерекелік мапараттау рәсімдерінен бөлек мәдени-бұқаралық, қайырымдылық, экологиялық мақсатты көздейді. Сонымен қатар бірқатар әлеуметтік нысан халық игілігіне берілмек.

Ел дамуына өлшеусіз үлес қосқандар мен бейбіт күні ерлік жасаған азаматтар марапатталады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдардың үйымдастыруымен арнайы салтанатты шаралар өтеді. Сондай-ақ мерекеге орай бірқатар әлеуметтік нысан ашылады. 

Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің орынбасары:

- Аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен Балалар жылына тарту ретінде демеушілердің қолдауымен салынып жатқан 80 ойын алаңының 67-сі сол күні пайдалануға беріледі. Жерлестерімізді алаңдатып жүрген қоғамдық көлік мәселесін шешу мақсатында Республика күнінде автобус паркі жаңа 40 автобуспен толықтырылады.

Мұнан бөлек облыс орталығында 200 орындық жеке балабақша, Жаңақорған кентінде демалыс саябағы, Жалағаш ауданында оқушылар үйі мен өнер мектебі, дәрігерлік амбулатория, Арал ауданында дене шынықтыру – сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. 

Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің орынбасары:

- Осы жерде ерекше атап өтуіміз қажет Байқоңыр қаласындағы шаралар біздің ерекше назарымызда. Атап айтқанда: «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мерекелік іс-шаралары,  қалалық перзентханада дүниеге келген сәбилердің аналарын құттықтау. Орталық алаңда жастар флэшмобы, мерекелік концерт және «Қазақстаным – егемен елім» жастар акциясы ұйымдастырылады.

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттауға арналған түрлі конференциялар мен форумдар да мереке маңызын арттырмақ. Сонымен қатар қайрымдылық  және экологиялық акциялар да жалғасын табады.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов