Өскеменде түрлі дін өкілдері еліміздегі рухани келісімді талқылады

Көп ұлтты әрі көп конфессиялы мемлекетіміз бүкіл әлемге бейтішілік үлгісін көрсетіп отыр. Сондықтан геосаяси тұрақсыздық сипат ала бастаған заманда осы бағыттағы жұмыстарды одан сайын жетілдірудің маңызы зор. Өскеменде бас қосқан түрлі дін өкілдері бүгін осы мәселені талқылады.

Қазақстан ынтымақ бірлігі жарасқан ел ретінде әлемге танымал. Бұл жай ғана сөз емес. Елімізде 3 мыңнан астам діни бірлестік, 18 конфессия тіркелген. 2700-ден астам мешіт, 300-ге жуық православ ғибадатханасы, 111 католик шіркеуі бар. Байқаған адамға үлкен ауызбіршілік үлгісін көрсететін сандар. 

Ермек Мұқатай, облыстың бас имамы:

-  Әлеуметтік әрі экономикалық дамудың өзі бұның барлығы Қазақстан ұлттарының және дін өкілдерінің ауызбіршілік ынтымақ пен келісіммен өмір сүріп, барлық ортақ бір мүдде үшін, ортақ елдің дамуы үшін қосып отырған үлесінің нәтижесі деп толық айта аламыз. 

Соның ішінде ел шығысындағы дін өкілдерінің татулығы ерекше. Мәселен аймақта алғаш болып  «діни жетекшілер клубы» құрылған болатын. Ал бүгінгі жиын жақында ғана өткен «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылар съезінің» жалғасы деуге болады. 

Ернат Қыдырмоллаев, Облыстық дін істері басқармасы «Діни мәселелерді зерттеу орталығының» директоры:

- Діни татулық, дін өкілдерінің татулығы бұл біздің еліміздің болашақ кепілі, бұл жүз пайыз нәрсе. Егер ауызбіршілік болмаса, татулығымыз болмаса халықтық ауызбіршілік бар деп айту мүмкін емес.

Тұрақтылық пен татулықты елімізге тарихи сапармен келген Рим Папасы Франциск те жоғары бағалаған еді. Ол «Қазақстанның көп ұлтты, мультимәдениетті, көп конфессиялы бірегей мекенге айналғанын баса атап өткен болатын. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов