Елімізде өрт сөндірушілердің жалақысы төмен –ТЖМ

Елде өрт сөндірушілердің ең төменгі жалақысы 110 мың теңге. Ал орташа айлық шамамен 200 мыңның төңірегінде. Әрине бұл сомма өмір сүруге жеткіліксіз. Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан келер жылы олардың жалақысын арттыру көзделіп отыр. Бірақ айтарлықтай емес. Бар-жоғы 40 пайызға ғана. Ведомства өкілі кадр мәселесіне де тоқталды. Белгілі болғандай, қазір салада олардың тапшылығы аса сезілмейді. Ал вакантты орындардың көлемі 10%-ға да жетпейді.

Ибрагим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі:

– Бүгінгі күні көп тапшылық жоқ. Бізге 18 жасқа толған, орта мектеп бітірген азаматтар жұмысқа тұруына болады. Басында олар арнайы дайындықтан өтеді. Әр облыста біздің азаматтық қорғау академиясының бөлімдері ашылған. Сол филиалдарда дайындықтан өтіп, жұмысқа кіріседі.