Өңірде тоғыз мыңға жуық оқушыға орын жетіспейді – Абай облысы

Облыста 11 мектеп пен 14 балабақша салу жоспарланып отыр. Алайда мұның өзі аз. Аймақта жұмыс сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл проблеманы біржола шешуді тапсырған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Семейдің тозығы жеткен инфрақұрылымы мен жылу мәселесін ретке келтіруге байланысты бірқатар міндет жүктеді. Мемлекет басшысының тапсырмалары қалай орындалып жатыр? Семейде шешімін таппаған мәселе көп. Қалада заман талабына сай жылу орталығы жоқ. Президент жырға айналған проблемаға нүкте қоятын кездің жеткенін шегелеп айтқан соң сең қозғалды. Елордадан арнайы жұмыс тобы келіп, жылу орталығы салынатын орынды көрді. Нысанның аяқталатын мерзімі де межеленді.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

Алдағы уақытта бірлескен жұмыстар жүргізіледі. «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы жылу орталығының техникалық экономикалық негіздемені қайта жасайтын болады. Ол дайын болғаннан кейін жобалық-сметалық құжат әзірленеді. Одан кейін бір-бір жарым жылда құрылысы басталады деген сенімдеміз.

Семей – тоғыз жолдың торабындағы шаһар. Қалада бір емес, екі бірдей көпір болғанымен жағдайы мәз емес. Мемлекет басшысы екі көпірді де тез арада жөндеуді тапсырды. Қазір облыс орталығындағы Ертіс өзені өткелінің құрылысы басталды. Апатты деп танылған ескі көпірдің жанынан ұзындығы 810 метр болатын, төрт жолақты өткел салынбақ. Ал ескі көпір жаяу жүргіншілерге қызмет көрсетеді.

Нұржан Ескендіров, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

Келісімшарт 30,3 млрд теңгеге жасалды. Қазіргі таңда оң жағалауда құрылыс алаңы дайындалып, кәріз жүйесі шығарылып жатыр. Жоба 2025 жылы аяқталады.

Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – мектеп тапшылығы. Бүгінде облыстағы білім ошақтарында 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Әсіресе Семейдегі кейбір оқу ордаларында оқушылар қысылып-қымтырылып оқуға мәжбүр. Себебі, жаңа облыстың құрылуына байланысты бала саны күрт көбейген. Мәселен, қаладағы 6 мектеп гимназияда 900 орындық мектепте 2 мыңға жуық оқушы білім алуда. Ал биыл бірінші сыныпқа 150 оқушының орнына 283 бала қабылданған.    

Майра Ахметова, мектеп-гимназия директоры:

Санитарлық норма бойынша тақтадан екі жарым метр болу керек. Балалар бір-бірінен алшақ отыруы керек. Бөлмелер тар әрі кішкентай. Бір кабинетте екі терезе. Балалардың денсаулығы үшін зиян. Президентіміз айтты ғой. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бізге де жайлы мектеп салынса дейміз.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

2025 жылға дейін Абай облысында 11 мектеп салынады. 5 мыңнан астам оқушыны қамтиды. Қосымша 4 мың орынға оқу ғимараты салынады. Олардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Жалпы, Аягөз бен Жарма аудандарында мектеп жетіспеушілігі басымырақ.

Алаш қайраткерлерінің ізі қалған Семей шаһарында тарихи ғимарат аз емес. Алайда көпшілігі жойылудың  алдында тұр. Осыған орай қалада тарихи-мәдени жәдігерлерді қорғау үшін арнайы комиссия құрылды. Тізім жасалып, қоғамдық талқылау болады. Президенттің тапсырмасына сәйкес жақын арада Абай облысын дамытудың кешенді жоспары әзірленеді. Осы жоба аясында Семейдің 2035 жылға дейінгі бас жоспары жасалады. 

Азамат Қасым, Медет Өмірханов