Мемлекет басшысына G4 City жобасы таныстырылды – Алматы облысы

Алматы облысына сапар аясында Президентке G4 City жобасы таныстырылды. Заманауи кешен Алматы – Қонаев автомагистральінің бойында салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған Gate, Golden, Growing және Green District атты төрт аудан кіреді. Алғашқысы қаржы іскерлік, екіншісі білім беру және медициналық кластер ретінде дамиды. Growing District-те экспортқа бейімделген сауда-логистика және инновациялық-индустриялық өнеркәсіп нысандары шоғырланады. Ал соңғысында мәдени демалыс, курорттық кешен, гемблинг индустрия нысандары мен арнаулы парктер орналасады. Кешен 2,2 миллионға дейін халық тұратын интеграцияланған қала ретінде дамиды. Шетелдік инвесторларды белсенді тарту мақсатында арнайы экономикалық аймақтар құру, жаңа халықаралық әуежай салу қарастырылған. Президент G4 City қаласында қолжетімді баспана салу, қала орналасатын аумақ халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып, жобаның әлеуметтік жағына да мән беру керек екенін айтты.