Қостанайда шетелдіктерге еңбекші мигрант мәртебесі берілмей қалған

Қостанайда шетелдіктерге еңбекші мигрант мәртебесі заңға қайшы берілмей қалған.

Мамыр айынан бері Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия азаматтары жұмыс істеуге рұқсат сұрап, 800-ден астам өтініш жолдады. Бірақ 300-ге жуық арыз негізсіз деп танылды. Құжаттары талапқа сай болмаған келімсектер қалалық әкімдікке мемлекеттік қызметшілер үстінен шағымдануға мәжбүр болған. Тіпті бір іс бойынша материал сотқа дейін жетті. Тексере келе бар олқылық Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары тарапынан жіберілгені анықталды. Олар шетелдіктердің құжаттарын рәсімдеуде немқұрайлық танытқан.   

Ақбөпе Манатова, қалалық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:

- Реніштері бар. Бірінші рет теріс шешім алғаннан кейін осымен бітті. Құжаттарды тапсыра алмайды деген сөз емес. Дұрыстағаннан кейін құжаттарын тағы да тапсыруға болады. Қазіргі уақытта біз білетін 535 адам Қостанай қаласында жеке тұлғаларда жұмыс істеп жатыр. Бұл рұқсат тек қана жеке тұлғаларда жұмыс істеу үшін берілетін нәрсе.