Елімізде жаңадан 9 су қоймасы салынады

Елде жаңадан 9 су қоймасы салынады. Олар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында.

Қазір өзен-көлдердің деңгейі төмендеп, шекара асып келетін ағын судың мөлшері әлдеқайда азайып кеткені мәлім. Мәселен, 2000 жылдары орташа өзен ағыны 120 текше километр болса, қазір шамамен 102 текше километр. Ал 2030 жылға қарай 99,4 текше километрге дейін төмендеуі мүмкін. Жаңа қоймалар осы сырттан ағып келетін суды үнемдеп ұстаудың амалы. Айта кетейік, былтыр Түркістан облысында «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы ел игілігіне берілді. Ал жаңа 9 су қоймасы 2025 жылға дейін салынып бітуі тиіс. 

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Жалпы сол 9 су қоймасының көлемі 1,7 текше километрді құрайтын болады. Трансшекаралық ынтымақтастық жөніндегі жұмысты ведомствоаралық үйлестіру үшін  Қазақстанның су кеңесі құрылды. Оның шеңберінде Трансшекаралық су пайдалану саласындағы ұлттық мүдделерді қорғау жөніндегі шоғырландырылған шешімдер әзірленеді және қабылданады. Трансшекаралық ынтамақтастық мәселелерін талқылау үшін барлық халықаралық алаңдар іске қосылатын болады. Іргелес елдермен жұмыс екі жақты және көп жақты ынтымақтастықпен жүргізіледі.