Жылу маусымына дайындық жүйелі ме?

Қарашада қар түсіп, боран соғады. Кей өңірлерде көк тайғақ болып, тұман түседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Синоптиктер осылай деп болжап отыр. Алайда қарашаға дейін қыстың қамын жасамай бейғам отырғандар бар. Кей шаһарда жылыту маусымы басталғанымен, құбырлары шұрық-тесік.

Қыс қыр астында. Сарыарқаның салқын самалы қарашада үскірікке айналады. Бұны ауа райын болжаушылар айтып отыр. Еліміздің басым бөлігін келесі айда қар басып қалады.

Ақжамал Сағынтаева, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

- Қараша айында қар жамылғысы, желдің күшеюі байқалады. Бұл боранның пайда болуына ықпал етеді. Сондай-ақ айдың бірінші жартысында синоптикалық тұрақсыздыққа байланысты көк тайғақ пен тұман күтеледі.

Қарағанды облысына қарасты Теміртау қаласында жылу желілерінің 80% тозып тұр. Соның кесірінен қыстың көзі қырауда тұрғындар жиі-жиі жылусыз қалады. Шағын шаһардағы жылу құбырларының жалпы ұзындығы 417 шақырымды құрайды. Ал жақында соның тек 6 шақырымы ғана жөнделді. Ал қалған 410 шақырым биыл қыста қаншалықты әуреге салатыны белгісіз.

Ринат Қыдырбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:  

- Қаланың әр түрлі жерлерінен апаттық жағдайлар бар. 10-15 үйде күнделікті өшірулер байқалуда. Бірақ бір сағатта жойылып, түнге қарай жылумен отыр. Осыған қарамастан барлық көпқабатты үйлер, жеке үйлер, әлеуметтік нысандар жылуға қосылған.

Ал Каспий жағасындағы Ақтауда коммуналдық мәселе шаш етектен. Әсіресе ауызсу мен жылуға қатысты тұрғындар шағымы жыл бойы толастамайды. Мұнда да жылу құбырларының 67% ескірген. Сондай-ақ су желілерінің 50%, ал кәріз жүйесінің 55% жаңалауды қажет етеді. Жауаптылар: «Мәселені шешу үшін жылына кемі 1-2 шағын ауданда жылу желісін бастан-аяқ қайта төсеу керек», – дейді. Бұл бағытта жұмыстар енді басталады.

Асқар Дүзмағамбетов, коммуналдық кәсіпорынның бас инженері:

- Жылу жүйелері көптен жөндеу көрмеген. Қаламызда ең алғашқы салынған шағын аудандар бар. Ол – №1 және №6 шағын аудандар. Сол шағын аудандарға жоспар құрылуда. Осы желілердің барлығын жаңғыртып, заманауи үлгіде қайта салу керек. 

Бас шаһардың да жылу желілері жөндеуді қажет етеді. Онда құбырлардың жартысынан көбі тозған. Биыл шамамен 3 шақырымға жуық орамның желілері қайта жаңартылды. Жылыту маусымы 29 қыркүйекте басталды. Алайда қалада жылуға қосылмаған нысандар бар.

Бағдат Байсыдықов, қалалық Отын-энергетикалық кешені басқарма басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда барлық тұтынушылар жылу желілеріне қосылған. Айта кету керек, қазір екі денсаулық сақтау мекемесі жылуға жартылай қосылған. Себебі ол нысандарда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар қазан айының соңына дейін жоспарланып отыр.

Жылдағы мәселе осы. Қыс келсе, кей өңірде жылу болмай, жаураған жұрттың базынасын естиміз. Елімізде жылу электр орталықтары, қазандықтардың көбі тозған. Кей аймақта ескі құбырлар 80% жетіп отыр. Кейбір жылу электр орталықтарының салынғанына жарты ғасырдан асқан.

Авторы: Айнұр Қуатқызы