Қарағанды облысында қоқыс полигоны салынады

Балқаш қаласында қоқыс полигоны салынады. Өйткені қазіргісінде орын қалмай барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал болашақта Көкше теңізге келетін саяхатшылар көбейе берсе, қоқыс шығаратын орын қалмауы мүмкін – дейді табиғат жанашырлары. Қазір полигонның жері белгіленіп, техникалық құжаттары әзірленіп жатыр. Экобелсенді Анар Адамбекова жаңа полигон жақын маңда салыну керек дейді. Себебі қазіргі күл-қоқыс алаңы қаладан 8 шақырым қашықтықта, оның үстіне ақылы. Салдарынан алысқа барғысы келмейтін, әрі ақша төлегісі келмейтін тұрғындар тұрмыстық қалдықты іргеге төгіп жатыр екен.

Өкінішке қарай, қаланы ластап жатқандарды жаппай жазаға тарту мүмкін болмай тұр. Себебі кінәсін дәлелдеу үшін бұлтартпас айғақ керек. Сондықтан қаланың маңына жаппай камера орнатып, қолданыстағы заңды күшейту керек, - дейді экобелсенді.

Анар Адамбекова, экобелсенді:

Заң бар, бірақ оны күшейту керек. Айыппұлды көтеру керек және полиция сол жағын қатты қадағалау керек менің ойымша. Видеокамералар көп болу керек. Білем ол үшін ақша бөліну керек. Мәслихат сессиясында талқылау керек оны.

Ал мамандар жаңа полигонды салғанда табиғат жанашырларының талабы ескерілетінін айтады. Себебі биылдың өзінде рұқсатсыз төгілген 70-ке жуық күл-қоқыс үйіндісі анықталған. Құзырлы органдар тексере келе, әлеуметтік насандардан шығатын күл-қоқыстың біразы жыл бойы полигонға жетпегенін байқап отыр.

Ескендір Қабидолла, ТКШ жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Қаладағы әлеуметтік нысандармен келісімшартқа отырған компаниялар міндеттерін дұрыс атқармаған. Күнделікті шығатын күл-қоқысты полигонға апармаған. Демек қала маңына төккен болып тұр ғой. Сондықтан жаңа полигонның жақын маңда салынуына біз де мүдделіміз. Тасымал шығыны азайса, тарифке де әсер етеді.

Аумағы 8 гектарды алып жатқан мына алаңға бүгінгі күнге дейін 750 тонна күл-қоқыс жеткізілген. Әуелде 2030 жылға дейін деп салынған полигон келешекте туристер саны көбейсе толып кетуі мүмкін екен. Сондықтан жаңасын салуға шешім қабылданған. Келесі жылы құрылысы басталуы тиіс. Жоба құны 4 миллиард теңге шамасында.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар