Атырауда арнайы тактикалық оқу-жаттығу өтті

Атырауда аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілері арнайы тактикалық оқу-жаттығудан өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайының аумағында ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, басқарма басшылары, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының, «Батыс» ayмақтық қорғаныс бригадасының, Ұлттық ұланның қолбасшылары, Полиция департаментінің арнайы жасағы, әуежайдың өрт сөндіру құрамы мен жедел жәрдем бригадасы қатысты.

Арнайы тактикалық оқу-жаттығуға қала мен аудандардан аумақтық қорғаныс бригадасының 80 әскери міндеттісі шақырылыпты. Олар 10-21 қазан аралығында іс-шараның алғашқы кезеңдерінен өткен. Кейін оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес арнайы операция жүргізді.

Талап Әбдіхалық, запастағы ефрейтор:

Бұл әскери жаттығу жиынына мен Жылыой ауданы Құлсары қаласынан шақырту алдым. Бұл әскери жиынға 12 күн аралығында қорғаныс және шабуыл жасау тактикаларын үйренген болатынбыз. Қазіргі таңда оқу-жаттығудың бәрін аяқтадық. Бәрі сәтті болды.

Арнайы операция кезінде әскери міндеттілерге содырлардан құралған үш топтың көзін жою тапсырылған еді. 10 шақты күн бойы әбден машықтанған әскерилер берілген тапсырманы жоғары деңгейде орындап шықты.

Ермек Қуанышев, «Батыс» aумақтық қорғаныс бригадасының командирі:

Бұл оқу-жаттығуға 7 офицер, 15 сержант, 58 сарбаз қатысты. Әскери жаттығу кезінде олар жеке дайындық жүргізіп, жауынгерлік әдіс-тәсілдерін шыңдады. Бұл олардың қабілеттерін арттырып, Отанға деген сүйіспеншіліктерін оятады. Биыл оқу-жаттығуды екінші рет ұйымдастырып отырмыз.

Шарада аймақ басшысы Серік Шәпкенов арнайы тактикалық оқу-жаттығуды өткізіп, белсенділік танытқан лауазымды тұлғалар мен әскери міндеттілерді алғыс хатпен марапаттады. Арнайы тактикалық оқу-жаттығу жауынгерлердің әскери марштағы салтанатты шеруімен аяқталды.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев