Ақтөбеде оңалту орталығы салынады 

Ақтөбеде мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың пандусы мен арба көтеретін арнайы құрылғысы жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік тапсырысты орындауға міндетті мекеме басшылары қамкөңіл жандардың жай-күйін ескермесе керек. Ал орталықтың өзі екінші қабатта орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтың ашылғанын Гүлмирам Сражоваға әлеуметтік нысан өкілдерінің өздері жеткізген. Дене шынықтыру, массаж бен өзге де қызметтің барлығы тегін екендігін айтқанда  қуандым дейді. Себебі өңірде ересектерге арналған мұндай орындар жоқ. Алайда қуанышы көпке ұзамапты.

Гүлмирам Сражова, қала тұрғыны:

– Ойыма да келген жоқ мен келген кезде ондай оңалту шараларын көрсететін ғимаратта пандус болмай, біз өз еркімізбен кіре алмаймын деген. Келген кезде мен шошыдым. Себебі бірінші қабатты, міне, пандусы жоқ, ал қызметтер екінші этажында көрсетіледі.

Жүріп-тұрудың өзі мұң жандардың дені есік алдынан қайтты. Тек кейіпкеріміз ғана арбасын тастап, орталықтың қызметімен таныспақ болған.

Орталық 16 жасқа толған І-ІІ-топ мүгедектерін қабылдайды. Мамыр айынан бері 126 адам болған. Жыл соңына дейін 500-ден астамын қабылдауы тиіс. Массаж бен емдік дене шынықтырудан бөлек психолог кабинеті де бар. Алайда мұның бәрі арбаға таңылған жандар үшін қол жетімсіз боп тұр. Мемлекеттік тапсырысты мойнына жүктеген мекеме өкілдері ғимаратты Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен ақылдаса отырып таңдадық дейді.

Арслан Каханов, әлеуметтік орталық директоры:

– Біз 7 түрлі ғимаратты таңдауға ұсындық. Соның арасынан осы орынға тоқталдық. Ем-дом жасалатын адамға хабарласқанымызда арбамен жүріп-тұрасыз ба деп сұраймыз. Орталыққа келген кезде кіріп-шығуға көмектесетін адамдарымыз да бар.

Мемлекеттік тапсырыс беруші – облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы. Бір жылдық қызмет үшін бюджеттен 42 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Құзырлы орган өкілдері көрсетіліп отырған қызметте ешқандай кінәрәт жоқ дейді. Тек ғимарат қана талапқа сай емес.

Эльмира Сүйіншалина, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасы басшысының орынбасары:

Қалада арнайы жабдықталған ғимарат жоқ. Ал бұл жерде екінші қабаты кең, жұмыс істеуге ыңғайлы болған соң келістік. Тек бір ғана талап болған. Мүгедектер еркін кіріп-шығуға жағдай жасау керек немесе өзге орын табуы тиіс. Басқа ғимарат табамыз деп сөз берген.

Содан бері алты айға жуық уақыт өткен. Шенеуніктер мүмкіндігі шектеулі ересек жандарды оңалту орталығына жабдықталған ғимарат Ақтөбеде келер жылы салынады деп жоспарлап отыр. Оған дейін арбаға таңылғандар үшін тегін көрсетілетін қызмет те қол жетімсіз болатын сыңайлы.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков