25 қазан Республика күні. Ұлттық мереке. Араға 13 жыл салып қайта атаулы күндер қатарына енгізілген мерекенің мән-маңызын арттыру үшін енді осы күнге басымдық беріледі. Айтулы күнге орай санаулы сәттен соң Ақордада салтанатты шара өтеді.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Салтанатты шаралар өтетін Ақорданың үлкен залы. Сәлден кейін мына жерде республика күнін тойлау басталады.
Қазір өнер адамдары, ғалымдар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері ішке кіріп жатыр. Хош. Бүгінгі дейін 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні, егемендігімізді алған күн ретінде тойланып келді. Биыл Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күні мен Республика күнінің ара-жігін ажыратып, 25 қазанды «Республика күні», ұлттық мереке ретінде бекітуді ұсынды. Бұл мерекенің қандай маңызы бар? Әуелі соны айтайық.
1990 жылдың 25 қазаны. Дәл осы күні қазақ кеңестік социалистік республикасының жоғарғы Кеңесі «мемлекеттік егемендік туралы» декларациясы қабылдады. Бұл құжат ел тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам болды. Осыдан соң «Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген түсінік қалыптасты.
Екіншіден, қабылданған Декларацияда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді.
Бұдан соң құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі жарияланды. Бұдан бөлек, мемлекетке ішкі әскер, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығы берілді.
Яғни еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады.
Тарихқа көз жүгіртсек, бұл мейрам 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізілген. Ал 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланып келді. Алайда 2009 жылы Республика күні атаулы күндер қатарынан алынып тасталды.
Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынған соң Парламент өткен айда заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, 25 қазан Республика күні ұлттық мерекеге, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекеге айналды. Осылайша Республика күні 13 жылдан кейін алғаш рет тойланайын деп отыр.
Ал желтоқсаның 16-сы Тәуелсіздікті жақындатқан боздақтарды еске алуға арналады.
Ұлттық мерекенің мемлекетік мерекеден айырмашылығы қандай? Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке. Бұл күні мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Ұлттық мереке ерекше тарихи маңызы бар оқиғаларға арналады.
Ал Тәуелсіздік күні Мемлекеттік мереке. Мемлекеттік мереке қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға негізделеді.